БҚО-да 541 млн теңгеден астам залал келтірген қаржы пирамидасы бойынша тергеу жүріп жатыр

БҚО бойынша экономикалық тергеу департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, «Chia Tai Pharmaceutical» компаниясы өзін инвестиция тартушы мекеме ретінде көрсетіп, жоғары және тұрақты табыспен қамтамасыз етеміз деп уәде еткен.
«Chia Tai Pharmaceutical» жеке адамдардан қаржы тартып, оны қатысушылар арасында қайта бөліп отырған. Бұл ретте қаржыны кәсіпкерлік қызметке пайдаланбаған. Келтірілген залал көлемі 541 млн теңгеден асты. Қазіргі таңда осы іс бойынша кешенді шаралар жүргізіліп жатыр. БҚО бойынша экономикалық тергеу департаменті мен ішкі істер органдарының тәжірибе қызметкерлерінен жедел тергеу тобы құрылды. Егер кімде-кім «Chia Tai Pharmaceutical» компаниясынан зардап шексе, жергілікті ішкі істер органдарына немесе Орал қаласы А. Кәримуллин көшесі, 2/2-мекенжайында орналасқан БҚО бойынша экономикалық тергеу департаментіне (телефоны: 8-7112-53-84-23) хабарласа алады», - деп мәлімдеді ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО тұрғынынан 1 тоннадан астам алкоголь өнімі тәркіленгенін жазған болатынбыз.