БҚО-да санақ кезінде 92 мыңнан астам үй шаруашылығын қамту жоспарланып отыр

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында ұлттық ауыл шаруашылығы санағы кезінде барлық респондент қамтылады. 

БҚО-да 92 мыңнан астам үй шаруашылығын қамту жоспарланып отыр
Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы БҚО бойынша департаментінің басшысы Болат Мешеловтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, негізгі санақ кезеңі (1 тамыз – 20 қазан) басталғанға дейін БҚО бойынша листинг ретінде Ақсай қаласында 1-30 маусым аралығында жеке қосалқы шаруашылықтарын алдын ала аралау жүргізіледі. 

Болат Тілеуқабылұлының сөзіне қарағанда, санақ барысында Батыс Қазақстан облысында барлығы 92 690-ға жуық үй шаруашылығын және 10 504 ауыл шаруашылығы өндірушісін қамту жоспарланған. 

– Санақ қызметкерлері барлық респондентті қамтуға міндетті. Қатысудан бас тартылған жағдайда заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Біз азаматтарды санаққа саналы түрде қатысуға шақырамыз. Өйткені бұл жай статистикалық шара емес, мемлекеттік маңызы бар іс, - деді Б.Мешелов.

Департамент басшысы Ұлттық статистика бюросы алынған деректердің анонимділігіне және оларды қатаң статистикалық мақсаттарда пайдалануға кепілдік беретінін атап өтті. Сандар респонденттің бастапқы деректерін көрсетпей-ақ, жиынтық түрде өңделеді және жарияланады. Деректер салық немесе басқа мемлекеттік органдарға берілмейді. 

Сауалнама парағын толтыру кезінде респондент (ұйымдасқан шаруашылық) мемлекеттік деректер базасында деректерді жаңарту үшін алынған деректерді ұсынуға келісім бере алады. Мысалы, малдың, техниканың, жер учаскесінің болуы және т.б. 

– Санақ жүргізу үшін біз жұмыссыз азаматтар мен студенттер қатарынан, сондай-ақ барлық ниет білдірген азамат санатынан 217-ден астам адамды интервьюер ретінде жұмысқа тартуды көздеп отырмыз. Оларды оқыту бюроның data Literacy Hub платформасында ұйымдастырылған, онда қатысушылар үшін әр түрлі оқу материалдары: мәтіндік құжаттар, бейнероликтер және бейне слайдтар қолжетімді. Оқу аяқталғаннан кейін барлық қатысушы білімдері мен жұмысқа дайындығын растау үшін міндетті тестілеуден өтуі керек. Қазіргі таңда қызметкерлерді қабылдау науқаны жүргізілуде. Интервьюер мен нұсқаушы ретінде санаққа қатысқысы келетіндердің барлығы 1 446 байланыс орталығына өтініш қалдыра алады. Өткен аптада біз «Қазпошта» АҚ-мен меморандум жасастық, онда ауыл шаруашылығы санағына интервьюерлер ретінде пошташыларды тарту мүмкіндігін қарастырдық, - деді Б.Мешелов.

Департамант басшысының мәлімдеуінше, барлық кезең аяқталғаннан кейін 2025 жылғы желтоқсанда санақтың алдын ала нәтижелері жарияланады. Соңғы жиынтық деректер мен аналитикалық есептер Ұлттық статистика бюросының сайтында көпшілікке 2026 жылы ұсынылады. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын ұлттық ауыл шаруашылығы санағын өткізуге 5,2 млрд теңге бөлінгенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ ауыл шаруашылығы санағы қай айларда жүргізілетіні хабарланды.

Соңғы жаңалықтар