БҚО-да адам қағып кеткен жүргізуші ұсталды

ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Батыс Қазақстан облысында адам қағып кеткен жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО-да адам қағып кеткен жүргізуші ұсталды

БҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 30 сәуір күні Самара-Шымкент жолының бойында, Зеленов ауданы Павлов пен Погодаев ауылдарының арасында хабарсыз кеткен Д-ның мүрдесі табылған еді. Ол жол-көлік оқиғасы салдарынан алған жарақаттан көз жұмған.

БҚО ІІД жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері іздестіру шаралары барысында марқұмды қағып кеткен «Mercedes» автокөлігінің жүргізушісін анықтап, күдікті ретінде ұстады.

Қазіргі кезде ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес (абайсызда адам өліміне соқтырған жол қозғалысы ережесін бұзу) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Айта кетейік, Д-ның туыстары ол із-түссіз кеткеннен кейін полицияға хабарласқан болатын.  Ол 16 сәуір күні Мәскеуден Оралға келуі тиіс болатын. Сол күні мемлекеттік шекарадан өткені жөнінде қоңырау да шалған.

Фото: baikal24.ru