БҚО-да әдеп кодексі талаптарын бұзған прокуратура қызметкері жауапкершілікке тартылды
ОРАЛ. KAZINFORM — БҚО прокуроры Серік Шалабаевтың бұйрығымен Тасқала ауданы прокуратурасының қызметкері Қайырбек Темірбай қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

БҚО қоғамдық кеңесінің мүшесі, «Әділдік жолы» РҚБ өкілі Бауыржан Ахметжанның Фейсбуктегі әлеуметтік парақшасында мәлім еткеніндей, аталмыш қызметкер ҚР құқық қорғау органдары, азаматтық қорғау органдары және мемлекеттік фельдъегерлік қызметі қызметкерлерінің әдеп кодексі талаптарының бұзылуына жол берген.
Б.Ахметжанның мәлімдеуінше, Тасқала ауданы прокуратурасының прокуроры Қ.Темірбай биыл көктемде ауруханаға келіп, полицияға ұсталған досы Абат Сүлеймановқа қатысты хаттаманы толтырма деп сұраған.
«Тасқала аудандық сотының судьясы Талап Мақишев 24 сәуірдегі қаулысымен А.Сүлеймановқа қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексі 608-бабы 1-тармағына (жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы) сәйкес қозғалған әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қысқартқан. Сотта полиция бөлімінің бастығы Азамат Қалиев ауруханада болғанда, оған прокурор Қайырбек Темірбай жолығып, Абат Сүлеймановты медициналық куәландырудан өткізбеуді сұрағанын айтқан. Дәл осындай заңсыз ұсыныс алғаны туралы сотта автоинспектор А.Мұқашев жеткізген. Судья прокурор Қайырбек Темірбайдың іс-әрекетінде сыбайлас жемқорлық тәуекелі бар екендігі туралы жеке ұйғарым шығарған», - дейді Б.Ахметжан.
Алайда прокурор өтінішхат, аудандық аурухана директоры Р.Бралов шағым келтіргеннен кейін облыстық соттың судьясы Гүлнара Миниус 20 мамырдағы қаулысымен аға прокурор Қайырбек Темірбайға қатысты шара қолдану туралы жеке ұйғарымның күшін жойған.
БҚО прокурорының орынбасары Азамат Сәтбаев Б.Ахметжанға берген 18 шілде күнгі жауабында жүргізілген қызметтік тергеу барысында Қ.Темірбайдың А.Сүлеймановтың мүддесіне әкімшілік іске тікелей араласқаны туралы уәждер объективті тұрғыда дәлелденбегенін көрсеткен. Дегенмен Қ.Темірбайдың прокуратура қызметкерінің абыройы мен жоғары атағына нұқсан келтіруі мүмкін мінез-құлық пен қатынасқа, жұртшылық тарапынан айтылатын сынға, қоғам тарапынан өзінің іс-әрекетіне шағымның туындауына жол бергені үшін облыс прокурорының бұйрығымен тәртіптік жауапкершілікке тартылғаны жазылған.
БҚО прокуратурасының баспасөз қызметі Бауыржан Ахметжанға осындай ресми жауаптың берілгенін растады.