БҚО-да қай саланың мамандары алаяққа жиі алданады
ОРАЛ. KAZINFORM — Соңғы кезде алаяқтықтың жаңа түрлері пайда болып, шырмауына тұрғындарды тартып отырғаны белгілі. Бұдан қалай қорғануға болады? Алаяқтықтың алдын алу бағытында қандай жұмыстар жүргізілуде? Осы орайда Kazinform тілшісі БҚО полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Арман Оразалиевпен сұхбаттасқан еді.
— Арман Молдиярұлы, жыл басынан бері батысқазақстандықтар алаяқтардан қаншама зиян шекті, қанша адам ұсталды, қанша қылмыстық іс тіркелді, алдымен соған тоқталсаңыз?
— Биылғы тоғыз айда облыс көлемінде 333 интернет-алаяқтық қылмысы тіркелді, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, 23 дерекке немесе 6,5 пайызға төмен. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында дропперлердің алаяқтық деректері кезінде пайдаланылған 266 банктік есепшоты және алаяқтар қоңырау шалған 392 ұялы телефон нөмірі бұғатталды.
Жалпы, «Cyberpol» тобы құрылғаннан бері ашылған қылмыстық істердің ішінде эпизодтық бірнеше істер бар. Атап айтқанда, РФ азаматына қатысты 8 эпизодтық қылмыстық іс биыл сотқа жолданды. Бұдан тұрғындарға 23,1 млн астам теңге шығын келген. Сонымен қатар пәтерді жалға беру сылтауымен «krisha.kz» қосымшасы арқылы алаяқтық жасаған Орал қаласының М. есімді тұрғынына қатысты 5 эпизодтық қылмыс іс те сотта қаралып жатыр.
Қазіргі уақытта WhatsApp мессенджері арқылы өзін тумасы ретінде таныстырып, алаяқтық жасаған облыстың 3 тұрғынына қатысты эпизодтық қылмыстық істер (келген шығын — 1 млн 275,1 мың теңге) тергелуде.
Шығын демекші, тоғыз айда интернет-алаяқтық қылмысынан облыс тұрғындарына 784 млн 446,642 млн теңге залал келтірілсе, соның 37 млн 050,9 мың теңгесі ғана жәбірленушілерге қайтарылды. Осының ішінде 104 млн теңгесі — бір ғана адамның, Ақсай қаласы тұрғынының шығыны.
— Сонда алаяқтардың құрығына кімдер көбірек ілігіп жүр?
— Мұндай жағдайға, әсіресе, мұғалімдер мен дәрігерлер жиі тап болады. Тұрғындар инвестицияға қаржы салуға әуес. Яғни Қазақстанда лицензиясы жоқ, тіркелмеген қаржылық мекемелерге өз ақшасын салған. Орал қаласының тұрғыны осылайша 50 млн теңгесін аударып жіберген.
Жалпы, 333 алаяқтық дерегінің 75-і зейнеткерлер, 33-і мұғалімдер, 41-і дәрігерлер, 88-і жұмыссыздарға және 96-сы жеке кәсіпкерлерге қатысты жасалған. Адамдар көбіне өздерін банк қызметкері ретінде таныстырғандарға алданады, осындай 279 дерек тіркелген. Сондай-ақ 26-сы — танымал мобильдік қосымшалардан тауарлар сатып алу, 11-і — инвестицияға ақша салу, 17-сі — басқа деректер.
Айта кетейін, биыл республикалық Anti-Fraud және облыстық «Stop-интернет алаяқтық» жедел алдын алу іс-шаралары аясында 54 қылмыс ашылды.
— Алаяқтықтан тұрғындарды сақтандыру бағытында қандай жұмыс атқарылып жатыр?
— Полиция департаментінің қызметкерлері тоғыз айда 157 мыңнан астам тұрғынға түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Egov сайты арқылы ерікті түрде 69 мыңнан астам адамның шоттары бұғатталды. Жекелей де, сондай-ақ мекемелерде жиналыс жасау арқылы да алаяқтардан барынша сақтандырып келеміз. Айталық, 8 мыңнан астам дәрігер, 16 мыңнан астам мұғалімнің есебін алып, түсіндірдік. Соңғы кезде дәрігерлер арасында алаяқтардың құрығына түскендер тоқтағанымен, опық жеп қалып жатқан мұғалімдер әлі бар. Шыңғырлау ауданында білім саласының қызметкері тіркелмеген қаржы мекемесіне өзінің және таныстарынан сұрап, 5 млн теңгесін салып жіберген. Теректі ауданында тағы бір мұғалімнің 2 млн теңгесі алаяқтардың жеміне айналған.
Ал Қаратөбе ауданында мәдениет қызметкері инвестицияға қаржы салып, пайда табамын деп 10 млн теңгесін аударған. Ол сол үшін туысқандарынан, балаларынан ақша сұрап алған. Мұның себебі — адамдар сақтыққа мән бермейді. Жәбірленуші болып келгенде, «Біз сіздерге түсіндірдік қой, неге алданып қалдыңыздар?» десек, «Сол кезде тыңдамай қалып едік, дәл біздің басымызға түседі деп ойламаппыз», деп жауап береді. Алаяқтар да бір сөйлескен адамын 4-5 сағатқа дейін жібермей, психологиялық қысым жасап, түрлі желеумен қорқытып, үркітіп, дегеніне көндіреді.
— Түсіндіру жұмыстарын жастардың арасында да жүргізіп келесіздер. Осы жерде дропперлерге қатысты қандай жауапкершілік қарастырылғанын айтып жібересіз бе?
— Дроппер — өзінің есепшотын алаяқтарға сатып жіберген адам. Дропперлер тізімін қарап, талдай келе, олардың көпшілігі студенттер екендігін анықтадық. Дропперлер тек Батыс Қазақстан облысы аумағында ғана емес, басқа қалаларда оқып жүруі ықтимал. Алаяқтар өздері сатып алған сол есепшоттарды пайдаланып, жәбірленушілердің ақшаларын өткізіп, криптовалютаға ауыстырып, шетелге шығарады. Дропперлерге қатысты қылмыстық жауапкершілік жоқ.
Алайда жәбірленушілер полицияға шағым түсіргеннен кейін біздер дропперлердің кім екендігін анықтаймыз. Содан кейін жәбірленушілер Азаматтық кодекстің 953-бабына (негізсіз байлықты қайтару міндеті) сотқа береді де, есепшоттан өткен қаржыны өндіріп алады. Бұл нені көрсетеді? Студенттер өздері алмаса да, бережақ болып қалады. Қазіргі таңда 2,5 млн теңгеге дейін бережақ болып отырғандар бар. Сот шешімінен кейін жеке сот орындаушылары олардың шетелге шығуына, автокөлік жүргізуіне шектеу қояды, жұмыс істесе, ақшасын ұстайды.
Дропперлік — шетелге ақша шығарудың бір жолы. Егер олардың саны азайса, алаяқтардың Қазақстаннан қаржы ұрлауы қысқарады. Өйткені алаяқтықтың 90 пайызы шетелден ұйымдастырылады, шетелден қоңырау шалады, ақша сол жаққа кетеді. Міне, біз осы орайда жоғары оқу орындарында кездесулер ұйымдастырып, студенттерге «Оңай олжаға кенелемін деп есепшотыңызды сатпаңыздар» деп түсіндіреміз. Жастар әлеуметтік желіге кіріп, жеңіл жолмен пайда тапқысы келіп, жұмыс іздеп, өзінің анкеталық деректерін қалдырады. Белгілі бір уақыттан кейін «Бірнеше шот ашыңыз, бізге соны басқаруға беріңіз, содан бонус түсіп тұрады» деген хабарлама келеді. Міне, жастар осылай құрыққа ілініп, соңынан опық жеп жатады.
— Енді алаяқтықтың жаңа түрлеріне тоқталсаңыз?
— Иә, алаяқтықтың түрі көп. Біз алаяқтардың қандай айла-амал қолданатынын түсіндіріп жатсақ, олар жаңасын ойлап табуда. Мысалы, әуелі біреуі ұялы байланыс операторы ретінде хабарласып, сим-картаны ұзарту немесе басқа желеумен түскен төрт таңбалы кодты айтуды сұрайды. Бұл код арқылы алаяқ ештеңе істей алмайды. Алайда арада 15-20 минут уақыт өткеннен кейін екіншісі қоңырау шалып, «Сіз кодты беріп қойдыңыз ба, ол алаяқ, есепшотыңыз арқылы несие рәсімдейін деп жатыр, ақшаңызды жымқырмақшы» деп қара бұлтты төндіреді. Сосын соған қарама-қарсы несие рәсімдеп, оны арнайы есепшотқа аударыңыз деп айтқанын істетеді.
Алаяқтар сall-орталықтың кез келген нөмірінен, тіпті 1414 нөмірінен код жібере алады. Оған қоса «Қазпошта» арқылы сізге гүл әкеледі. Соның паролын айта қойсаңыз» деп алдымен біреуі, кейін екіншісі хабарласады. Яғни олар алаяқтықтың түрін кеңейтіп жатыр. Сондай-ақ бірінші басшылардың атынан қызметкерлерге олардың есепшоттарын террорлық ұйымдардың пайдаланғаны, қазіргі кезде онымен құпия қызмет орындары айналысып жатқаны жөнінде хабарлама жіберіледі.
Содан кейін құпия қызмет немесе полиция өкілімін деп алаяқ қоңырау шалып, ұлттық банк қызметкерімен байланыстырамын дейді. Ұлттық банк қызметкерімін деп өзін таныстырған үшінші алаяқ барлық ақшаны көрсетілген шотқа аударуды талап етеді. Шынымен де бастығы жазған екен деп ойлап қалған бірқатар медицина және білім саласының қызметкерлері алданып қалған. Осылайша, жәбірленушілердің бірі 28 млн, екінші әйел 41 млн теңгесінен айырылған.
— Ендеше, алаяқтарға қалай тойтарыс беруге болады?
— Алаяқтар кез келген нөмірді қолдан жасап, сол нөмірден түрлі SMS жолдап, сендіруге тырысады. Сондай-ақ құқық қорғау органдарында істейтін адам ретінде таныстырып, қызметтік және жеке куәлігін, қауіпсіз есепшоттың реквизиттерін, өзге де нұсқаулықтарды жолдап отырады. Заманауи технологиялардың көмегімен банктің байланыс орталығының нөмірін қолдан жасап, содан хабарласқандай кейіп танытады. Тағы бір айта кетерлігі, алаяқтар Қазақстанда ғана емес, тіпті басқа елде де отырып, алдап түсіруі әбден мүмкін.
Әдетте алаяқтар әлеуметтік желілерге жалған интернет хабарландырулар орналастырады немесе аккаунт пен арнайы бет ашып, сайт жасап алады. Ең жиі кездесіп жүрген интернет алаяқтықтың түрлері интернет арқылы сауда жасау және қызмет көрсету, криптобиржа саудасына шақыру, инвестициялық қорларға тарту, сондай-ақ өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, жеке деректерді иемдену және бөтен біреудің атынан онлайн-несие рәсімдеу арқылы жасалатын қылмыстар болып отыр.
Сондықтан дербес деректерді, пластикалық карталардың мәліметтерін, кодтарды және құпия сөздерді ешкімге хабарламау, белгісіз әрі тексерілмеген сайттар арқылы алдын ала төлем жүргізбеу қажет. Күмәнді мәмілелер бойынша ақша аударымдарын жүзеге асырмау маңызды, ұялы телефон мен компьютерге белгісіз қосымшаларды орнатпаған, кез келген сілтеме бойынша өтпеген жөн. Egov сайты арқылы несие алуға бұғаттау шартын орындап, спам хабарламаларға сенбеу керек. Осы талаптарды сақтау арқылы әр адам алаяқтардан өзін қорғап жүре алады.
Қорыта айтқанда, интернет-алаяқтардан сақ болудың қарапайым қауіпсіздік шаралары мынадай:
Ең бастысы, кім болып хабарласса да, қорықпаңыз.
Екіншіден, қазақша сөйлеуді талап етіңіз. Өйткені алаяқтардың көпшілігі шетелден хабарласуы мүмкін.
Үшіншіден, белгісіз адамға жеке мәліметтер, құпия кодтарды айтпаңыз.
Төртіншіден, фотосуретке түсуді сұраса, келіспеңіз.
Бесіншіден, белгісіз сілтемелерді жүктемеу керек.
Ең дұрысы, әңгімені доғару қажет.