БҚО-да алдағы жылдары 50 денсаулық сақтау нысаны салынбақшы

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 2023-2025 жылдары «Ауылдық денсаулық сақтау саласын жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 50 денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО-да алдағы жылдары 50 денсаулық сақтау нысаны салынбақшы

БҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, соның ішінде 17-сі – медициналық пункт, 21-і – фельдшерлік-акушерлік пункт, 12-сі – дәрігерлік амбулатория.

Бақытжан Хаберұлының сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта 2023 жылы құрылысы жүргізілетін 14 нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде.

Сонымен қатар жаңғырту арқылы Бөрлі және Казталов аудандық ауруханалары 2024-2025 жылдары ауданаралық көпбейінді ауруханаға айналдырылады.

Облыс әкімінің орынбасары брифинг барысында Мемлекет басшысы жариялаған Балалар жылы аясында өңірде атқарылған іс-шараларға тоқталды. Бұлардың барлығы балалардың сапалы білім алуы үшін жағдай жасауға, денсаулығы мен қауіпсіздігін нығайтуға, олардың арасында спорт пен салауатты өмір салтын насихаттауға, шығармашылықты дамытуға бағытталғанын атап өтті.

Қазіргі таңда өңірде 219 мыңнан астам бала бар.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстан облысында 40 жаңа мектептің салынатынын жазған болатынбыз.