БҚО-да әлеуметтік сала қызметкерлері арасында өткен жарыста бөкейордалықтар жеңімпаз атанды
Салауатты өмір салтын орнықтыру мақсатында алғаш рет ұйымдастырылған турнирге Орал қаласы мен облыс аудандарынан жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінен, «Шапағат» арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығынан барлығы 18 команда қатысып, бақ сынады.
Жарыс қорытындысында Бөкей ордасы ауданы командасы жеңімпаз атанса, жаңақалалықтар екінші, ақжайықтықтар үшінші орынға ие болды. Сырымдық Эльмира Кенесарина «Үздік қорғаушы», «Шапағат» арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығынан Алтынбек Нәбиев «Үздік шабуылшы», теректілік Мөлдір Амангелдина «Үздік ойыншы» атанды.
«Мұндай шаралар қызметкерлерді спортпен тұрақты айналысуға ынталандырып қана қоймай, бір-бірімен етене араласып, пікірлесуіне, олардың арасында жақсы ахуал орнауына мүмкіндік береді. Сондықтан волейбол додасын жыл сайын ұйымдастыру көзделуде», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қалияр Айтмұхамбетов.