БҚО-да әлеуметтік салада 46 нысан жаңартылуда

Өңір басшысының айтуынша, Елбасы тапсырмасына сәйкес тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытында «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» бағдарламалары мен мемлекеттік бюджет аясында әлеуметтік инфрақұрылымдарда кешенді құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жаңартылып жатқан нысандардың көпшілігі ауылдық елді мекендерде орналасқан. Денсаулық сақтау саласының 19 нысаны күрделі жөнделуде. Сонымен қатар 10 білім беру ошағы бой көтеріп жатса, соның сегізі - Деркөл, Зачаган, Зеленов ауданына қарасты Дариян, Қазталовтағы Қазталов, Ақжайықтағы Шабдаржап ауылдарымен қатар Орал мен Ақсай қаласындағы орта мектептер. Биыл 3 мектеп пен 1 мектеп интернатын пайдалануға беру көзделуде. Ал Ақсай қаласындағы балабақша іске қосылды. Оған қоса мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 1210 орындық 4 балабақша құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалды. Бұлардың екеуі Оралда (360 және 290 орындық), тағы екеуі (280 орыннан) Жымпиты мен Чапаев ауылдарында салынбақ. Дегенмен өңірдегі балабақшалардың (474-тің 28-і) тек 6 пайызы ғана жекеменшік. Сондықтан мемлекеттік-жекешелік әріптестік мүмкіндіктерін барынша кеңінен пайдалану керек-ақ.
«Мектептерді кең жолақты интернетпен, «Қауіпсіз мектеп» аясында бейнебақылау камераларымен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. 600-ден астам білім беру ошағы 5 мың видеокамералар алды. Бұл өз кезегінде қауіпсіздік шараларының артуына көмектеседі. Тағы 384 орта мектеп «Bilim Media» инновациялық білім беру жүйесіне қосылды. Республикада мектеп оқушыларын ыстық тамақпен қамтамасыз ететін үш өңір болса, соның бірі - Батыс Қазақстан. Оқушылардың 95 пайызы мектептегі ыстық тамақпен қамтылған. Өңірімізде денсаулық сақтау саласын заманауи құрылғылармен жабдықтау мен цифрлық жүйеге өткізу тұрақты түрде жүргізілуде. Медициналық ақпараттық жүйе, өңірлік біртұтас «Call-center» орталығы, электронды кезек, электронды табло, «Созылмалы инфекциялық емес ауруларды басқару бағдарламасы» атты пилоттық жобалардың барлығын осы цифрлық жүйеге көшірудің нақты нәтижесі деуге толық негіз бар. Алыс елді мекендердегі денсаулық сақтау нысандары күрделі жөнделіп, көліктермен қамтамасыз етілуде», деді Алтай Көлгінов.
Облыс басшысы басқа да салалар бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды.