БҚО-да алты әлеуметтік нысан күрделі жөндеуден өткізілмек

Облыстық қаржы басқармасының басшысы Айгүл Салахатдинованың айтуынша, 2015 жылы «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты аясында жоспарланған барлық жобаларды уақтылы іске асыру және жаңа жұмыс орындарын ашу үшін қаржыландыру жұмысы жалғастырылмақ. Соның ішінде «Нұрлы жол» инфрақұрылымын дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына орай шағын және орта бизнес үшін инфрақұрылымды жеткізу, агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдауды ұлғайту, апаттық және үш ауысымдағы мектептердің орнына балабақшалар мен мектептер салу, оларды жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғырту бюджеттік несие беру тетігі арқылы жүзеге асырылмақ. 2014 жылы «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасына орай республикалық бюджет есебінен 1,9 млрд. теңгеге білім беру саласының 20 нысаны күрделі жөнделген болатын. Атап айтқанда, Бөкей ордасы ауданы Бисен ауылының Б.Жәнекешев атындағы орта мектебі, Бөкей ордасы ауданы Сайқын ауылындағы Бөкей ордасы колледжі, Жәнібек ауданының Талов ауылындағы Ғ.Сарыбаев атындағы орта мектебі, Жәнібек ауылындағы №9 лицей жатақханасының асханасы, Қаратөбе ауданының Егіндікөл ауылындағы 424 оқушыны қамтитын орта мектеп, Қазталов ауданының Ақпәтер ауылындағы орта мектеп пен мектеп жанындағы интернат, Ақжайық ауданының Ақжайық ауылындағы орта мектеп, Теректі ауданының Жаңа Өмір ауылындағы Шаған орта мектебі, Зеленов ауданының Мичурин ауылындағы орта мектеп, Дариян ауылындағы №2 балабақша, Калинин ауылындағы Киров атындағы көше, №19 мекенжайындағы «Зеленов колледжі» жатақханасы, Тасқала ауданының Тасқала колледжі жатақханасы, Жаңақала ауданының Жаңақала колледжінің жатақханасы, Орал қаласының №7 орта мектебі, №12 орта мектебі, Круглоозерный орта мектебінің оқу корпусы, №6 «Шолпан» балабақшасы, «Орал «Сервис» технологиялық колледжі» оқу-өндірістік корпусы, Ж. Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледждің 9 қабатты жатақханасы қайта түледі. Бұған қоса, «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы бойынша 161,7 млн. теңге көлеміндегі қаражат кадрлар біліктілігін арттыруға және қайта даярлауға бағытталды. Бұл ретте 783 адам оқып, білімін жетілдірді.
Айта кетейік, өңірде мемлекеттік бағдарламаларға сәйкес республикалық бюджеттен бөлінген қаржы жүйелі игерілуде. Мәселен, 2014 жылы «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасына 4,6 млрд. теңге, «Ақбұлаққа» 1,8 млрд. теңге, «Жұмыспен қамту - 2020-ға» 4,3 млрд. теңге, «Өңірлерді дамытуға» 1 млрд. теңге, «Моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасына» 939 млн. теңге және «Бизнестің жол картасы - 2020» бөлінген 1,5 млрд. теңге толығымен игерілді.