БҚО-да апатты мектептердің орнына жаңасы қашан салынады
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында апатты деп танылған, оған қоса күрделі жөндеуді қажет ететін мектептер баршылық. Сонымен қатар үш ауысымдық білім ошақтарының мұғалімдер мен оқушылар үшін қиындық тудыратыны жасырын емес. Осы орайда Kazinform тілшісі мәселені зерделеп көрді.
Апатты деп танылған сегіз мектептің жай-күйі нешік?
БҚО білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллиннің мәлім еткеніндей, өңірде қазіргі уақытта апатты жағдай алдындағы санатқа жатқызылған 8 мектеп бар.
Оның сөзіне қарағанда, техникалық тексеру нәтижелері бойынша аталған ғимараттарға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу экономикалық тұрғыдан тиімсіз деп танылды. Осыған байланысты қолданыстағы мектептердің орнына жаңа нысандар салу туралы шешім қабылданды.
Атап айтқанда, Ақжайық ауданында Жаңажол, Бөрліде Кеңтүбек, Жәнібекте А.Оразбаева атындағы және Тегісшіл, Қаратөбеде Сәуле, Казталовта Әбіш пен Көмекші елді мекеніндегі Н.Дүйсенғалиев атындағы, Тасқалада Айнабұлақ мектебі апатты деп танылған.
— Жәнібек ауданы Жәнібек ауылында А.Оразбаева атындағы 108 орындық шағын жинақты мектеп құрылысы өткен жылы 20 қарашада басталды. Жоба құны — 1,6 млрд теңге. Сондай-ақ Қаратөбе ауданы Сәуле ауылында 60 орындық сондай мектеп ғимараты 1,4 млрд теңгеге салынуда. Оған қоса Тасқала ауданында Айнабұлақ елді мекенінде 60 орындық мектеп ғимараты (1,6 млрд теңге) бой көтеруде. Қалған бес нысанның құрылысы 2027 жылға жоспарланған, — дейді Е.Сафуллин.

Басқарма мәліметі бойынша «ҚПО б. в.» компаниясының әлеуметтік-инновациялық жобалар бағдарламасы аясында облыста биыл шағын жинақты 7 мектептің құрылысы жүріп жатыр.
Аталған нысандардан басқа Жәнібек ауданы Ұзынкөл ауылында 108 орындық (1,7 млрд теңге), Ақжайықтың Кеңсуатында 60 орындық (1,4 млрд теңге), Бәйтеректің Озерное елді мекененді 108 орындық (1,8 млрд теңге), Сырымның Құспанкөлінде 60 орындық (1,4 млрд теңге) білім ошақтары салынуда.
Ақжайық ауданы Алғабас ауылдық округі Жаңажол негізгі орта мектебінің директоры, аудандық мәслихат депутаты Ерболат Есболсыновтың айтуынша, 60 орындық жаңа ғимаратты 2027 жылы салып бітіру көзделген.
— Апатты деп танылған 1969 жылғы ескі ғимарат — кезінде Батыс Қазақстан облысында ағаштан салынған сегіз мектептің бірі. Білім ордасында 70 оқушы білім алады. Мектеп алды даярлық тобында 10 бала бар. Әрине, жаңа ғимаратқа қол жеткізсек, бұл ұстаздар үшін де, жас жеткіншектер үшін де үлкен қуаныш болар еді, — деді Е.Есболсынов.

Бөрлі ауданы Кеңтүбек жалпы орта білім беретін мектебінің директоры Гүлжиян Тастайбекова ғимаратты апатты жағдай алдындағы санатқа жатқызу туралы шешімнің өткен жылы 8 қазанда шыққанын айтты.
— Қазіргі таңда 159 оқушы штаттық режимде екі ауысымда білім алып жатыр. Сабақ қазақ және орыс тілдерін оқытылатын аралас мектепте барлығы 20 сынып бар. 108 орындық жаңа ғимарат құрылысы алдағы жылы басталады деп отырмыз, — деді Г.Тастайбекова.
Казталов ауданы білім бөлімінің басшысы Самал Жангереева қазіргі таңда Көмекші ауылындағы Н.Дүйсенғалиев атындағы негізгі орта мектебінде 42, Әбіштегі осындай білім ошағында 50-дей баланың оқып жатқанын жеткізді.
— Балалар ата-анасының сұрауы бойынша сол мектептерде білім алып жатыр. Мұғалімдер де, ата-ана да басқа жерге барғысы келмейді, — деді С. Жангереева.
Н.Дүйсенғалиев атындағы мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Мұрат Қарабалиннің толықтыруынша, тіреумен тұрған спорт залы кілттенген, жабық.
Жәнібек ауданы білім беру бөлімінің басшысы Асхат Молдағалиевтің хабардар еткеніндей, Жәнібек ауылында А.Оразбаева атындағы мектептің жанынан жаңа ғимарат салынуда.
— Жаңа нысан биылғы қыркүйек айында пайдалануға беріледі. Әзірге 109 оқушы бейімделген ғимараттарда білім алып жатыр, 2017 жылы салынған спорт залы бар. Мектептің апатты деп танылған ғимараты жөнделіп, асхана ретінде пайдаланылуда. Тегісшіл 9 жылдық мектебінің жаңа ғимаратын салу 2027 жылға белгіленген. Мұнда 57 оқушы бар. Тегісшілдің апатты ғимараты кілтте тұр. Дене шынықтыру пәні қыста сыныпта оқытылып келеді, жазда футбол алаңына шығады, — деді А.Молдағалиев.

Құрылыс басқармасының деректері
БҚО құрылыс басқармасының басшысы Нұркен Молдашев берген мәліметке қарағанда, Жәнібек ауданындағы 108 орындық А.Оразбаева атындағы мектеп құрылысын «Aga Building Group» ЖШС жүргізуде. Осы ауданда Ұзынкөл ауылындағы сондай мектепті «СКФ Наурыз» ЖШС салып жатыр.
Бәйтерек ауданы Озерное ауылында 108 орындық мектеп ғимаратының мердігері — «UES» ЖШС.
Қалған төрт ғимарат — 60 орындық мектептер. Ақжайық ауданы Кеңсуат ауылындағы мектепті «Дока Строй Ком» ЖШС тұрғызуда. Тасқала ауданы Айнабұлақ елді мекенінде «СтройОрганизация БАКС» ЖШС құрылысшылары жұмыс істеп жатыр. Сырым ауданы Құспанкөл ауылында «МастерКомЛогистиг» ЖШС өз қолтаңбасын қалдырмақшы.
Қаратөбе ауданы Сəуле ауылында «BETA Services» ЖШС жаңа мектепті іске қоспақшы.
Бұл ғимараттардың барлығын жаңа оқу жылына дейін тапсыру жоспарланған.
— Күні бүгін өңірде мектептердің құрылысы уақытылы жүргізілуде. Алайда нысан мердігерлермен келісімшартта, өндіріс кестесінде көзделген мерзімде пайдалануға берілмеген жағдайда тиісті шара қолданылады. Яғни тапсырыс беруші келісімшарт талаптарына сәйкес айыппұл салады. Сондай-ақ мердігер мекемені мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы сотқа талап-арыз беріледі. Сондықтан барлық нысандар құрылысы, жұмыс сапасы жіті қадағалануда, — деді Н.Молдашев.

Үш ауысымды мектептер жайы қалай
Тағы бір маңызды мәселе - Батыс Қазақстан облысында үш ауысымды мектептер мәселесі толықтай шешіліп болған жоқ.
Білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллиннің мәлімдеуінше, қазіргі таңда өңірде үш ауысымда оқытатын 8 мектеп жұмыс істейді. Мысалы, Бөрлі ауданы орталығы Ақсай қаласында № 6 мектеп-лицейінің жобалық қуаты 900 орын болғанымен, онда 1 838 оқушы (204 пайыз) білім алуда. Мұны шешу үшін 2030 жылы 14-шағынауданда 1 200 орындық мектеп салу көзделіп отыр. Демек, бұл — түйткілді жайт әзірге күн тәртібінен түспейді деген сөз.
Сол секілді Ақсайда № 7 жалпы орта білім беретін мектебінде де осындай жағдай орын алған. Аталмыш білім ошағында 430-дың орнына 1 054 оқушы (245 пайыз) тіркелген. Бұл мәселені шешуге мүмкіндік беретін «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында бой көтеріп жатқан 900 орындық № 9 мектептің құрылысы бітуі жақын.
Батыс Қазақстанда Жаңақала ауданы орталығы Жаңақала ауылында да халықтың тығыз орналасқаны белгілі. Мұнда № 3 жалпы орта білім беретін мектебінде 300-дің орнына нақты контингент 949-ға (264 пайыз) жеткен. Жаңақалада 2028 жылы 300 орындық мектеп бой көтереді деген жоспар бар.

Мұндай жағдай Орал қаласына таяу маңдағы Бәйтерек ауданы Володар жалпы орта білім беретін мектебіне де (жобалық қуаты — 120 орын, контингенті — 172 оқушы немесе 143 пайыз) тән.
— Осы ауданның Асан мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінде 230-дың орнына 559 оқушы (243 пайыз) білім алып жүр. Сол сияқты Оралдағы эстетикалық бағыттағы гимназияда оқитын жеткіншектер саны 450-дің орнына 1 908-ге (424 пайыз) жеткен. Бұл екі білім ордасының мәселесін Орал қаласына қарасты Жұлдыз шағынауданында 2027 жылы салынатын 1 500 орындық мектеп есебінен шешу ойластырылған. Орал қаласында Зачаган кентінде № 20 жалпы орта білім беретін мектебінің жобалық қуаты 964 орын болғанымен, мұндағы контингент саны — 2 288 оқушы (237 пайыз). Сондықтан 2028 жылы 600 орындық қосымша ғимарат (жапсаржай) салу көзделіп отыр, — деп қосты Е.Сафуллин.
Сондай-ақ мектептерді күрделі жөндеу мәселесі үнемі назар аударуды қажет етеді. 2026 жылы облыста орта білім беру ұйымдарының 33 нысанында жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
Оқу үдерісіне әсерін барынша азайту және оқушылар мен педагогтарға қауіпсіз жағдай жасау мақсатында білім беру нысандарындағы жөндеу жұмыстарын негізінен каникул кезеңінде жүргізу көзделіп отыр.
— Сонымен қатар жұмыстардың көлемі мен оларды орындаудың технологиялық мерзімдерін ескере отырып, жекелеген жағдайларда жөндеу оқу жылы барысында жалғасуы мүмкін. Мұндайда білім беру үдерісі барлық қауіпсіздік талаптары мен санитарлық нормаларды сақтай отырып ұйымдастырылады, — деп түйіндеді сөзін басқарма басшысы.
Қоғам белсендісі Алмагүл Иқсанованың Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәлімдеуінше, Бәйтерек ауданы Володар жалпы білім беретін орта мектебінің жай-күйі талапқа сай келмейді. Ғимараттың қабырғалары жарылған, терезелері жел соқпас үшін клеенкамен қапталған.
— Бұл қаңырап, бос қалған ғимарат деп ойласаңыз, қателесесіз. Балалар осындай жағдайда оқып жатыр. Мұны кім шешеді? — дейді А.Иқсанова.
Оның пікірінше, осы ауданның Үлкен Шаған ауылында оқушылар күн сайын апатты жағдайдағы мектеп ғимаратына барып оқуға мәжбүр. Қабырға мен төбеде үлкен жарықтар көрініп тұр. Сылақтар түскен кезде, абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ. Ата-аналар балаларының қауіпсіздігі үшін өте алаңдаулы.
Демек, бұдан Батыс Қазақстан облысының мектептерінде түйткілді жайттардың аз еместігі байқалады. Сондықтан мұны елеусіз қалдырмай, уақытында шешу аса маңызды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда шекарадағы ауыл мектептерінің жағдайынан хабардар еткен болатынбыз.