БҚО-да «Арқан» мобильді кешені 20 күнде 84 автокөлікті «арқандады»
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында «Арқан» мобильді кешені жұмыс жасай бастағаннан бергі 20 күн ішінде 84 автокөлік ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпараттілшісі.
БҚО полиция департаментінің бастығы міндетін атқарушы Жанболат Жаншиннің айтуынша, аталған кешендер 19 тамыздан бастап іске кіріскен еді.
Содан бері ұсталған 84 автокөлікке сот орындаушылары 46,4 млн астам теңге көлемінде тыйым салды.
Сонымен қатар құқық бұзушыларға 7,263 млн теңгенің 164 ұйғарымы автоматты түрде жіберілді.
Ж.Жаншиннің сөзіне қарағанда, мұның тиімділігі сол, «Арқан» мобильді кешені сол аумақтан өтіп жатқан көліктердің қозғалысын полиция қызметкерінің қатысуынсыз, автоматты түрде бақылап отырады. Ол нөмірлік белгілерді, шектеу қойылған, айдап әкетілген, иелерінің қарызы бар автокөліктерді, сондай-ақ белгіленген жылдамдықты арттыру дерегін анықтайды.
Деректер мен бейнеақпарат мобильді байланыстың көмегімен сол бойда айыппұл салу мен оны төлеу жөнінде ұйғарым беру үшін полицияның деректерді жасақтау орталығына жіберіледі. Бұл, екінші жағынан, сыбайлас жемқорлық тәуекелін төмендетуге септеседі.
«Облыс әкімдігі мен мәслихат депутаттарының қолдауымен полиция департаментіне 64,560 млн теңгеге 12 «Ларгус» автокөлігі алынып, соның алтауы 103,2 млн теңгеге «Арқан»
мобильді кешенімен жабдықталған болатын. Бұл жүйе тиімділігін әрі өзін-өзі ақтайтындығын қазірдің өзінде көрсетіп отыр», деді Ж.Жаншин.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да полицейлердің қатысуымен пара алу және беру деректерінің азаймай отырғанын жазған болатынбыз.