БҚО-да ауа райының күрт бұзылуына байланысты бірнеше жол жабылды

Батыс Қазақстан облысында ауа райының бұзылуына байланысты (көктайғақ, жел, жаңбыр, температураның төмендеуі) байланысты бірнеше жол жабылды, деп хабарлайды Kazinform.

БҚО
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ БҚО филиалының мәліметі бойынша, 3 желтоқсан күні сағат 20.00-ден бастап республикалық маңызы бар Атырау-Орал (189-492 км, Атырау облысының шекарасынан Орал қаласына дейін) және Орал-Тасқала-РФ шекарасы (4-104 км, Оралдан Ресей шекарасына дейін) жолдарында барлық көлік түрлері үшін шектеу қойылды.

Сондай-ақ сағат 21.00-ден бастап республикалық маңызы бар Самара-Шымкент жолының екі бөлігінде (195-247 км, РФ шекарасынан Макаров ауылындағы МАИ бекетіне дейін) және (262-526 км, Теректі ауданы Подстепный ауылынан Ақтөбе облысы шекарасына дейін) жол жабылды.

БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметіне қарағанда, сағат 21.40-тан бастап облыстық маңызы бар Тасқала-Аққурай-Болашақ (0-157 км, Тасқаладан Болашақ ауылына дейін), Үлкен Шаған-Переметный (0-42 км, Үлкен Шағаннан Переметныйға дейін) және Чапаев-Жаңақала-Сайқын (0-130 км, Чапаевтан Жаңақала ауылына дейін) жолдарында барлық көлік түрі үшін шектеу енгізілді.

БҚО ТЖ департаменті осыған байланысты тұрғындарға төтенше жағдайдың алдын алу үшін сақ болу керектігін еске салады.

Қазір Орал қаласы көшелерінде де көктайғақ болып тұр.

Соңғы жаңалықтар