БҚО-да аудандық газеттің редакторы бас бостандығынан айырылды

ОРАЛ. 27 наурыз. ҚазАқпарат - Теректі аудандық соты «Теректі жаңалығы» аудандық газетінің бұрынғы редакторын үш жылға бас бостандығынан айырды.
None
None

Облыстық соттың баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, «Жайық Пресс» ЖШС Теректі филиалының директоры әрі «Теректі жаңалығы» аудандық газетінің редакторы міндетін атқарған азаматша 2012 жылдың қаңтар-маусым айларында бюджет қаржысын бірнеше рет жымқырған, сондай-ақ қызметтік жалғандық жасаған. Атап айтқанда, ол жалған құжаттар жасау арқылы мекемеде жұмыс істемеген адамдарға жалақы аударып, оларды өзі иемденіп отырған. Сонымен қатар, ауылдық округтерден аудандық газетке жазылған тұрғындардың ақшасын да, филиал кассасынан алынған қаражатты да өз пайдасына жаратқан. Сөйтіп ол «Жайық Пресс» ЖШС-ға 709780 теңге көлемінде залал келтірген.

Аудандық сот оны үш жылға бас бостандығынан айырып, жазасын жалпы режимдегі түзеу колониясында өтеуге кесті. Бірақ бұл үкімді орындау аталмыш азаматшаның жақында дүниеге келген баласы 14 жасқа толғанға дейін кейінге қалдырылды.

Соңғы жаңалықтар