БҚО-да ауыл балалары тозығы жеткен мектепте білім алып жүр

ОРАЛ. KAZINFORM — Ақжайық ауданы Тайпақ ауылында Құрман Байсықов атындағы жалпы орта білім беретін мектептің тозығы жетіп тұр.

мектеп
Фото: видеодан алынған скрин

Қоғам белсендісі Алмагүл Иқсанованың әлеуметтік желіде мәлім еткеніндей, кеңес дәуірінен қалған ескі ғимаратта ауыл балалары оқып жүр. Бейнежазбадан көрініп тұрғандай, мектеп қабырғаларының сылақтары түсіп қалған.

- Кірпіш те қауіпті, оқушылардың басына құлап кетуі мүмкін. Есіктің тұтқасы былқылдап тұр, балалар саусағын қыстырып алса, қайтеміз. Мектеп ауласында сыраның бөтелкелері шашылып жатыр. Шұңқырға біреу құлауы ықтимал. Әжетханалардың жағдайы мәз емес. Бастауыш сынып оқушылары іштегі әжетханаға, ал жоғары сыныптағылар сыртқа барады екен. Балалар қауіпсіздігін кім ойлайды? – дейді А.Иқсанова.

Бұрынғы аудан орталығы Тайпақ ауылының тұрғыны Болат Дошаев аталған мектептің тарихы мол білім ордасы екендігін жеткізді.

- Өткен ғасырда шіркеу ғимаратын бұзып, соның кірпішінен, ескі үйлердің тақтайларынан салынған ғимарат. Қазіргі жағдайы сын көтермейді. Жаңа мектеп қажет, - деді Б.Дошаев.

Осы мәселеге орай Kazinform тілшісі облыстық білім басқармасына арнайы сауал жолдады.

Басқармадан түскен мәліметке қарағанда, білім беру мекемесінің негізі 1948 жылы қаланып, 1953 жылы пайдалануға берілген. 2024 жылы жылу жүйесі жаңартылса, 2025 жылы блоктық-модульдік қазандық орнатылып, ағымдағы жөндеу жүргізілген.

- Мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу 2026 жылға жоспарланып отыр. Білім басқармасы жағдайды бақылауда ұстап, мектептер жағдайын жақсарту бойынша шараларды кезең-кезеңмен жүзеге асырып жатыр. Қ.Байсықов атындағы мектепте 2025-2026 оқу жылында 1-11 сыныпта 497 оқушы білім алып жатыр. Сондай-ақ мектепалды даярлық тобында 46 тәрбиеленуші бар. 69 педагог жұмыс істейді, - делінген ресми жауапта.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да жаңадан салынған мектеп ғимараты екі жыл өтпей неліктен жабылғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар