БҚО-да ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі жалғасуда
Аудан әкімі Лавр Хайретдиновтің бастамасымен қолға алынған бұл жәрмеңкенің бір өзгешелігі - оған ауданның ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілері ғана емес, шақырумен көршілес аудандардан да өнім өндірушілер қатыстырылды.
Жәрмеңке 8 қазаннан басталып, сенбі сайын өтсе, қараша айында да жалғасын тапты.
Құптарлығы - аудан әкімдігінің ұсынысын түсіністікпен қолдаған тауар өндірушілер өз өнімдерінің бағасын шарықтатпай, көңілге қонымды бағамен сатуды жүзеге асырып келеді.
5 қараша күнгі жәрмеңкеде де алушы халықтың қарасы мол болды. Орал қаласынан келген картоп сатушылар, бірі сары картоптың килограмын 50 теңгеден, екіншісі қызыл картопты 45 теңгеден сатты. Ауыл кәсіпкері Ж.Базекешов те осындай баға қойды. Көршілес Ақжайық ауданының тауар өндірушілері бақша өнімдерін өткізді. Мұнда өнім бағалары жазылып қойылған, пияздың килосы 40 теңгеден, асқабақ, қызылша бағасы да сондай, сәбіздің килосы 50 теңгеден. Сондай-ақ ет, сүт өнімдері де сатылды.
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мұндай жәрмеңкелер қала мен басқа аудандарда да өткізіліп келеді.