БҚО-да ауыл тұрғыны 65 шақырымға марафон жүгірді
Қазталов ауданы Бостандық ауылында 24 жастағы Мержан Серіков пен оның құрдасы Еділжан Қосболов марафондық қашықтыққа жүгіруді бүгін таңертең сағат 04.00-де бастады.
Қос желаяқ Бостандық-Қаракөл-Әжібай-Қазталов-Бостандық ауылына дейінгі 65 шақырым қашықтықты жүгіріп өтуді жоспарлаған еді. Өкінішке қарай, Еділжан бұрыннан алған жарақатына байланысты Қазталов ауылында марафонды тоқтатуға мәжбүр болды. Ал Мержан сағат 09.37-де Бостандық ауылына жетті.
Қазіргі кезде Батыс Қазақстан облысында ми қайнатар ыстық орнап, температура тілі 40 градусқа жақындады. Осындай аптапта ұзақ қашықтықты бағындыру оңай емесі түсінікті.
Айта кетейік, 2017 жылы М.Серіков пен Е.Қосболов 47 шақырымды жүгіріп өткен болатын.
«Бұл Астананың 20 жылдығына орай жасаған өзіндік тартуымыз десе болады. Артымыздан автокөлікпен камераға түсіріп, бақылап отырды. Аудан орталығы Қазталов ауылында ғана 10 минуттай тыныс алдым. Мұндағы мақсат - Бостандық марафонын дәстүрлі ету. Алдағы уақытта қатарымызды көбейтіп, тіпті жарыс өткіземіз бе деп ойлаймыз. Спортты серік етіп, салауатты өмір салтын ұстану керек қой. Бұл да туған ауылым Бостандыққа құрмет деп ойлаймын», - деді ҚазАқпарат тілшісіне М.Серіков.