БҚО-да автокөлікке масаң күйде отырған ауыл әкімі қызметінен босатылды

ОРАЛ. KAZINFORM — Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО-дағы әдеп жөніндегі кеңес отырысында мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік істері қаралды.

мемқызметші
Фото: freepik.com

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО бойынша департаментінің мәліметіне қарағанда, Ақжайық ауданы Чапаев ауылдық округінің әкімі Биболат Зейнуллин биылғы 12 наурызда ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы 1-бөлігіне (көлік құралын масаң күйде басқару) сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұл туралы сот қаулысы шығарылып, күшіне енген.

Осылайша, Б.Зейнуллин мемлекеттік қызметші әрі басшылық лауазымда бола тұра, әдеп нормаларының бұзылуына жол берген. Оған қоса аталған ауыл әкімі өткен жылы қазан айында белгілі бір тұлғаға артықшылық көрсеткені үшін қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік шараға тартылған болатын. Сол себепті қайтадан теріс қылыққа барған Б.Зейнуллинді қызметінен босату туралы шешім қабылданды.

Сондай-ақ Орал қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ерболат Кәрімовке қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту беру ұсынылды. Ол қиын өмірлік жағдайда қалған адамдарды қайта әлеуметтендіру орталығы директоры лауазымына біліктілік талаптарына сәйкес келмейтін, оған қоса соттылығы толық өтелмеген адамды конкурстан тыс тағайындап, еңбек шартын жасасқан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да сессия отырысында дауыс көтерген ауыл әкіміне қатаң сөгіс берілгенін жазған едік.

Сондай-ақ БҚО-да 21 мемлекеттік қызметші теріс себептермен жұмысынан босатылды.