БҚО-да әйелдерге қатысты бір айда 240-тан астам қылмыс жасалған
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында биылғы екі айда әйелдерге қатысты қылмыс 17,4 пайызға азайды.
БҚО полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің аға инспекторы, полиция капитаны Анаргүл Рахметқалидың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, ақпан айында 242 қылмыс жасалған.
Анаргүл Тынышқалиқызының сөзіне қарағанда, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-бабына сәйкес (отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер) 566 құқық бұзушылық анықталды.
- Жәбірленушілердің құқығын қорғау мақсатында полиция қызметкерлері 659 қорғау нұсқамасын шығарды. Соттар әкімшілік істерді қарау кезінде құқық бұзушылардың мінез-құлқына 197 ерекше талап орнатылды. Бақылау барысында қорғау нұсқамаларын бұзушылығының 37 дерегі (2025 жылы осы мерзімде – 40) анықталып, құқық бұзушы 461-бапқа сәйкес жауапқа тартылды. Қарастырылған 37 істің 10-ы бойынша сот әкімшілік қамау туралы қаулы шығарды, - деді А.Рахметқали.
Оның айтуынша, құқық бұзушының мінез-құлқына қойылған ерекше талаптар бойынша 101 бұзушылық анықталған. Қарастырылған осы 101 істің 47-сі бойынша кінәлі адам әкімшілік қамауға алынды.
- 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне айыппұлдың орнына қоғамдық жұмыстарды енгізуге қатысты түзетулер заңды күшіне енді. Биылғы екі айда осы орайда 54 қаулы шығарылса, соның 23-і отбасылық-тұрмыстық салаға қатысты. Бұл шаралар кодекстің 49-1-бабымен бекітіліп, құқық бұзушылыққа жол берген кінәлі тұлғаны қоғамдық жұмыстарға тартуды қамтамасыз етеді, - деп қосты А.Рахметқали.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да бұрынғы шенеуніктің 16 жастағы қызды зорлады деген күдікпен қамауға алынғанын жазған болатынбыз.