13:53, 02 Желтоқсан 2011 | GMT +5
БҚО-да «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн» іс-шарасы өткізілуде
ОРАЛ. 2 желтоқсан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында 25 қарашадан бастап «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн» іс-шарасы өткізілуде.

Облыстық ішкі істер департаментінен түскен мәліметке қарағанда, аталмыш шараға барлығы 944 адам жұмылдырылса, соның 454-і - ішкі істер қызметкерлері. Түрлі меншіктегі кәсіпорын-ұйымдарға әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін түсінік жұмыстарын жүргізу бағытында 152 хат жіберілді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау органдарында тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жапа шеккен адамдарды жұмысқа орналастыру жөнінде 22 ұсыныс енгізілді.
Шара басталғаннан бері ішкі істер органдарында есепте тұрған адамдар мекенжайы бойынша тексеріліп, 32-сі жауапқа тартылса, соның 31-і - тұрмыстық жағдайда құқықбұзушылыққа барғандар, соттар 5 құқық бұзушыға ерекше талаптар орнатты.