БҚО-да аймақтық-республикалық жыршы-термешілер байқауы өтті

БҚО
Фото: Облыстық мәдениет және өнер орталығы

БҚО-да дауылпаз ақын, даңқты тұлға Махамбет Өтемісұлының 220 жылдығына арналған «Тартынбай сөйлер асылым...» атты аймақтық-республикалық жыршы-термешілер байқауы өтті, деп хабарлайды Kazinform.  

Байқаудың бас жүлдесін қызылордалық Нұрайым Ерталап жеңіп алып, 1000 000 теңгені қанжығалады. Жеңімпаздарға өңір басшысы Нариман Төреғалиевтің атынан алғыс хаттар мен ақшалай сыйларын табыстаған БҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов ұлттық дәстүр мен салт-сана тағылымын жастардың бойына дарытып, жас ұрпақтың жан-жүйесін оятуда дәстүрлі өнердің алатын орны ерекше екенін, әсіресе, ғибраттық мәні бар идеяларды теріп айтатын термешілік өнердің өз биігі, өз тыңдаушысы бар екенін атап өтті.

Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығында өткен байқауға қатысушылар екі кезең бойынша бақ сынады. Алдымен Махамбет Өтемісұлына арнап жыр-толғау дайындады. Оған қоса тізім бойынша М.Өтемісұлының 10 шығармасын, яғни «Күн қайда?», «Әй, Махамбет, жолдасым!», «Тарланым», «Соғыс», «Еменнің түбі – сары бал», «Нарында», «Махамбеттің Баймағамбет сұлтанға айтқан сөзі», «Адыра қалған Нарынның», «Еңселігім екі елі», «Арғымақ, сені сақтадым» атты туындыларын жатқа білуі қажет. Жеребе бойынша осы шығармалардың біреуін орындады. Екінші кезеңде үміткерлер өз қалауы бойынша Жиембет Бартоғашұлы, Шернияз Жарылғасұлы, Марабай Құлжабайұлы, Кердері Әбубәкір, Сартай Көшкіншіұлы, Құмар Әбуғалиұлының бір шығармасын таңдады. Сонымен қатар Ығылман Шөрекұлының «Исатай-Махамбет» дастанынан 20-30 минуттық үзінді орындады. 

БҚО
Фото: Облыстық мәдениет және өнер орталығы

«Халқымыздың өткен тарихында таңды таңға ұрып, тыңдарманын ұйытып тыңдатып, құлақ құрышын қандырған термешілер көп болған. Сондықтан қазақ халқы сөздің маржаны мен ойдың тұнығынан тағылым тартып, жұртшылықты адалдық пен әділдікке, тазалық пен имандылыққа тәрбиелейтін термені «текті сөздің төресі» деп бағалаған. Өнердің бұл жанры қазақ халық поэзиясында белгілі бір жүйеге түсіп қалыптасқан әрі өзіндік тыңдарманы бар өлең түрі болып саналады. Ақиқаттың алдаспанына айналған от тілді, орақ ауызды ақынның мұрасын насихаттау – басты міндетіміз. Жас ұрпақ Махамбеттің жауынгерлік рухтағы жырларын жатқа біледі. Батырдың 220 жылдығын атап өтуге Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығы тыңғылықты дайындалды. Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен жыршы-термешілер байқауы ұйымдастырылды. Даңқты тұлғаның жырларымен күйлері әлі де зерттеуді қажет етеді. Оның әрбір өл-ңінде қазақтың қайсар мінезі бар. «Темірқазық жастанбай, Қу толағай бастанбай, Ерлердің ісі бітер ме?» деп жырлаған марғасқа Махамбеттің жарыққа шықпаған туындылары да кездеседі. Сондай шығармалар көрерменге ұсынылуы тиіс деп есептеймін. Қолына домбыра алып, баба дәстүрін жалғастыруға ниет қылған талантты жастар жетерлік», – дейді Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығының директоры Серік Тоқмамбетов.

Жыршы-термеші, ҚР Мәдениет саласының үздігі Фархат Оразов байқау жыршы-термешілерге қолдау көрсету, көпшілікке рухани азық сыйлау әдеби тілді дамыту мақсатында өткізілгенін жеткізді. Оның айтуынша, байқауда Қызылорда, Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе облыстарынан 20-40 жас аралығындағы үміткерлер бақ сынаған. Бұған дейін республикалық байқаулардан бас жүлде, орын алған жыршы-термешілер аталған байқауда сынға түсе алмады. 

БҚО
Фото: Облыстық мәдениет және өнер орталығы

Жыр байқауына өлең-сөздің қадірін білетін білікті мамандар қазылық етті. Атап айтқанда, үміткерлердің шығармашылығын Ақжайық өңірінің құрметті қонағы, сыр сүлейлерінің сарқыты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жырау Ұлжан Байбосынова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, дәстүрлі әнші, жыршы-термеші Бердіғалиев, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сабыр, халықаралық, республикалық жыршы-термешілер конкурстарының лауреаты Фархат Оразов, Батыс Қазақстан облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Қуанышбек Мұханғалиев бағалады. Қазылар алқасы шығарманың тереңдігіне, мәні мен мазмұнына, дауыс мақамы мен орындалу шеберлігіне, тіл тазалығы мен сахна мәдениетіне баса назар аударды. Нәтижесінде, қызылордалық Нұрайым Ерталап бас жүлдеге (1000 000 теңге) лайықты деп танылды. Жүлделі бірінші орынды (800 000 теңге) ақтөбелік Бақыт Арыстанғалиева иеленсе, екінші орынмен (700 000 теңге) жерлесіміз Сәтжан Ғалымжанов марапатталды. Ал үшінші орын (500 000 теңге) қызылордалық Ұлдана Нұртуғанға берілді. Махамбет Өтемісұлы атындағы арнайы жүлде (220 000 мың теңге) Маңғыстау облысынан келген Айсұлтан Есенғалиевке бұйырды. Исатай Тайманұлы атындағы арнайы жүлде (220 мың теңге) атыраулық Аманжол Дауылбаевқа, кәсіпкер Ермек Мәлікұлының арнайы жүлдесі (200 000 мың теңге) оралдық Темірлан Әкімжановқа берілді.

Бұл күні өлең-жырға шөліркеген халықтың айызы қанып, рухани қазынаға кенелді. Міне, осынау игі істі Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығы қолға алып, төл өнерді тағы да төрге оздырды.

Соңғы жаңалықтар