БҚО-да балабақшада бүлдіршендердің жәбірленуіне байланысты қылмыстық іс қозғалды

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы Новенький ауылындағы «Бүлдіршін» бөбекжайында балдырғандардың тәрбиешілер тарапынан жәбір көргені белгілі болды.

БҚО-да балабақшада бүлдіршендердің жәбірленуіне байланысты қылмыстық іс қозғалды
Фото: Түркістан облысының әкімдігі

Ата-аналар балаларын тәрбиешілердің ұрып-соғатыны жөнінде полицияға шағым түсірген. 
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

Қазіргі кезде ҚР ҚК 140-бабына сәйкес (кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау) тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.  

Ауыл тұрғындарының сөзіне қарағанда, балалар үйлеріне денелері көгеріп келген. Тәрбиешілердің дөрекі әрекеттері бейнежазбаға да түскен.

БҚО білім басқармасының бөлім басшысы Жадыра Бекжанова бейнежазбаны қараған кезде тәрбиеші мен тәрбиешінің көмекшісі тарапынан дөрекілік деректерінің анықталғанын айтты.

— Тәрбиеші мен оның көмекшісі өз еркімен жұмыстан шығарылды. Сонымен қатар «Бүлдіршін» бөбекжайының меңгерушісіне аудандық білім беру бөлімінің бұйрығымен сөгіс жарияланды, — деді Ж.Бекжанова.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да мектеп ғимаратында шаштараздың орналасуына байланысты білім басқармасы жауап бергенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар