БҚО-да мектеп ғимаратында шаштараз орналасқан – білім басқармасы жауап берді

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы Құмақсай ауылындағы мектеп ғимаратында шаштараз орналасқаны жөнінде әлеуметтік желіде бейнежазба тарады. 

БҚО-да мектеп ғимаратында шаштараз орналасқан – білім басқармасы жауап берді
Фото: видеодан алынған скрин

Бейнежазбада әйел адам бұрынғы мұғалімдер бөлмесін жергілікті әкімдік алып, шаштаразға жалға беріп отырғанын айтады.

– Шаштаразға балалар оқитын сынып та жақын орналасқан. Шаштараз бөлмесіне кез келген адам кіріп шығады. Сонда оқушылардың қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етілмекші? Сонымен қатар осы жердегі әжетханалар кілттеулі, исі сасып тұр. Оған балалардың баруына да әкімдік рұқсат етпей отыр, - дейді әйел. 

Теректі ауданы білім беру бөлімінің басшысы Мирас Сапарғалиевтің айтуынша, Құмақсай ауылы Ы.Алтынсарин көшесінде орналасқан ғимараттың бейнежазбада көрсетілген бөлігі Теректі ауданы экономика және қаржы бөлімінің 2020 жылғы 10 желтоқсандағы № 89 бұйрығына сәйкес аудандық білім беру бөлімінен Құмақсай ауылдық округі әкімдігінің теңгеріміне берілген. 

– Бейнежазбада көрсетілген кабинетте әлеуметтік шаштараз ашу жоспарланып, қажетті құралдар қойылған. Алайда күні бүгінге дейін шаштараз жұмысын бастаған жоқ. Шаштараз жұмыс жасаған күннің өзінде оған келуші азаматтарға бөлек кіретін есік қарастырылған. Новопавлов жалпы орта білім беретін мектеп оқушылары мен қызметкерлеріне арналған басқа жұмыс істейтін әжетханалар бар. Қажеттілік туындаған жағдайда бейнежазбада көрсетілген әжетханаларды да пайдалануға беруге болады, - деді М.Сапарғалиев.

БҚО білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин оқиға орнында шұғыл болып, мәселемен танысқанын жеткізді.

– Мектептің аталмыш бөлігі аудандық білім беру бөліміне кері қайтарылатын болады. Тиісті шешімдер заң аясында қабылданады, - деді Kazinform тілшісіне Е.Сафуллин.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда мектеп қабырғасындағы кірпіштер құлап жатқанын жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар