Оралда мектеп қабырғасындағы кірпіштер құлап жатыр

ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласында мектеп қабырғасын қаптаған кірпіштер құлап жатқанына байланысты ақпарат тарады.

Оралдағы мектеп
Фото: № 4 орта мектепnty

Instagram әлеуметтік желісінде жарияланған бейнежазбада ата-ана мектептің сыртын қаптап тұрған кірпіштің құлауына байланысты алаңдаушылық білдірген. 

- Балаларым № 4 орта мектепте оқиды. Мектептің айналасында кірпіш сынықтары құлап жатыр. Бұған ешкім назар аудармай жатыр. Балаларымыздың қауіпсіздігі үшін қорқамын, - деп жазды ата-ана.

Мектеп директоры Жанаргүл Аймұрзиеваның айтуынша, ауа райының қолайсыздығына, яғни дымқыл, сыз тартып тұруына байланысты ылғалдың әсерінен мектеп сыртындағы қаптама үгітілген.

- Қазіргі таңда қауіпті жерлер лентамен қоршалып, белгіленді. Мектеп әкімшілігі бала қауіпсіздігін басты назарда ұстайды. Алдағы уақытта ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізілетін болады, - дейді Жанаргүл Аймұрзиева.

Оның сөзіне қарағанда, аталған мектеп ғимараты 2017 жылы пайдалануға берілген. Мердігері – «Альтаир» ЖШС. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда басына кірпіш құлаған ер адамның көз жұмғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар