БҚО-да балық қырылған көлде тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданы Жаңақазан ауылдық округіндегі Сарыайдын көлінде қырылған балықтың шұңқырға тасталып жатқаны жөнінде бейнежазба тарады. 

БҚО-да балық қырылған көлде тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр
Фото: видеодан алынған скрин

БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Дархан Закариннің түсіндіргеніндей, оқиға болғаннан кейін санитариялық-эпидемиологиялық станса мамандары мен ветеринарлар су мен балықтан сынама алған. Оның нәтижесі әзірге шыққан жоқ.

— Қазіргі таңда Сарыайдын көлінде тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оқиға орнында оншақты адам 3 техникамен жұмыс істеп жатыр. Қырылған балық шұңқырға көміліп, жойылып жатыр, — деді Дархан Закарин.

Жаңақала ауданы Жаңақазан ауылдық округінің әкімі Сәкен Ғұбашев төрт күннен бері балықтың жиналып, көлдің тазаланып жатқанын жеткізді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда Сарыайдын көлінде балық қырылып қалғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар