БҚО-да бекіре тұқымдас балықты заңсыз тасымалдаған ер адам ұсталды
ОРАЛ. KAZINFORM – БҚО-да Орал – Атырау тас жолында бекіре тұқымдас балықты заңсыз тасымалдаған ер адам ұсталды.

БҚО Бәйтерек ауданына қарасты Щапов ауылы маңында Орал – Атырау автожолында патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Hyundai Accent көлігін тоқтатты. Көлік тізгінінде 31 жастағы ер адам болған.
Polisia.kz порталының мәліметінше, тексеру барысында тиісті рұқсат құжаттары жоқ бекіре тұқымдас (стерлядь) 10 балық анықталды. Сонымен қатар арнайы ау және балық аулауға арналған қармақтар тәркіленді.
Қызыл кітапқа енген және жойылып кету қаупі төнген жануарлар түрлерімен заңсыз айналысу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Келтірілген залал көлемі анықталып жатыр.
Полиция табиғатқа келтірілген залал үшін жауапкершілік қатаң екенін ескертеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Атырауда Жайық өзеніне бекіренің 2,1 млн шабағы жіберілгенін хабарлаған болатынбыз.