БҚО-да бес күнде отбасылық шараларды жасағандарға 13 млн теңге айыппұл салынды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында қараша айының алғашқы бес күнінде отбасылық шараларды жасаған тұрғындарға 13 млн 84,580 мың теңге айыппұл салынды. Бұл туралы облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалық етуімен өткен облыстық жедел штаб отырысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаевтың мәлім еткеніндей, індеттің өршуіне адамдардың санитарлық талаптарды сақтамауы себеп болуда.

Мониторингтік топтар жүргізіп жатқан түсінік жұмыстарына қарамастан, садақа, той өткізу тыйылмай отыр.

Оның сөзіне қарағанда, облыста 1-5 қараша аралығында 118 адамның індет жұқтырғаны тіркелді. Соның ішінде бүгін 49 адамнан анықталған. Қыркүйекте – 111, қазанда 161 адам ауырған болатын. Соңғы бес күнде 38 зейнеткер, 9 оқушы және 4 мұғалімнің коронавирус жұқтырғаны белгілі болды.

Індеттің өсе түсуіне байланысты облыстың бас мемлекеттік санитар дәрігері 9 қарашадан бастап 14 күнге қалаға кіреберіске қайтадан блокпостар қою, демалыс күндері қоғамдық көлік қозғалысын шектеу, қоғамдық тамақтандыру орындарының қызметін тоқтату, қызметкерлердің 80 пайызына дейін қашықтан жұмыс істеуге жіберу және басқа қосымша шектеу шараларын енгізуді ұсынды.

М.Арыспаевтың бұл ұсынысы облыстық жедел штаб отырысында қаралып, тиісті шешім қабылданатын болады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда түнде көліктердің жүруіне шектеу қойылатынын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар