БҚО-да Быковка өзеніндегі су деңгейі бір тәулікте 110 сантиметрге көтерілді
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында Жайық өзеніндегі су деңгейі Бөрлі ауданы Жарсуат ауылында 308 сантиметрге жетті (тәуліктік өсімі – 13 см, қауіпті шегі – 1 000 см).
«Қазгидромет» РМК БҚО филиалының директоры Тілеген Шапановтың мәлім еткеніндей, Жайық өзені Орал қаласындағы гидробекетте 134 (+2), Бәйтерек ауданы Көшім ауылы тұсында 192 сантиметрді (+13, екеуінің де қауіпті шегі – 850 см) көрсетті.
Сондай-ақ Шаған өзенінде Бәйтерек ауданы Чувашин ауылында 641 (+121, қауіпті шегі – 1 300 см), Мичуринде 344 (+81, 1 100 см) сантиметр болды.

Деркөл өзенінде Бәйтерек ауданы Белес ауылы тұсында көтерілу деңгейі жоғары – 406 (+87, 700 см) сантиметр.
– Бәйтерек ауданында шағын өзендердің күрт көтеріліп жатқаны байқалады. Атап айтқанда, Быковка өзеніндегі су деңгейі 778 см (+110) болып, қауіпті шекке (810 см) жақындады. Сол секілді Рубежка өзені осы аттас ауылда 342 сантиметрді (+69, 850 см) көрсетті, - деді Т.Шапанов.
Филиал мәліметіне қарағанда, Орынбор облысындағы Иреклі қоймасынан Жайық өзеніне қазіргі кезде секундына 60 текше метр су жіберілуде. Бұған дейін секундына 139 текше метр су босатылған еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да Шаған және Деркөл өзендерінде су деңгейі көтеріліп жатқанын жазған едік.