БҚО-да былапыт сөз айтқан мемлекеттік қызметші қатаң сөгіс алды

ОРАЛ. KAZINFORM — ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі БҚО-дағы әдеп кеңесінің отырысында мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік істері қаралды.

Мемлекеттік қызметкерлер психологиялық тест тапсыра ма
Фото: Kazinform

Бәйтерек ауданы сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Артур Баяхатов өзінің қабылдауына келген азаматпен сөйлесіп отырып, балағат сөз айтуға жол берген. 

Бұл сәтті аталған тұрғын бейнетаспаға түсіріп алып, шағымданған.

А.Баяхатов былапыт сөз айтқанын мойындап, кешірім сұрады. Ол мұндай қадамға бөлімде жұмыстың көптігімен байланысты барғандығын алға тартты.

Департамент басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Мұрат Байсалов аталған бөлімде шынында да бірнеше жұмыс орнының бос тұрғанын, алайда бұл Әдеп кодексінің талаптарын бұзуға негіз еместігін жеткізді.

Кеңес мүшелері А.Баяхатовты қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы ұсыныспен келісті.

Сол секілді Бөрлі ауданы Пугачев ауылдық округінің әкімі Мереке Ізтелеуов осындай қылыққа жол берген. 

ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі БҚО бойынша департаментінің бас маманы Мөлдір Серікованың мәлім еткеніндей, оқиға былайша өрбіген. Аталған ауылдық округ әкімі аппаратының қызметкері несие алып, оны төлемегендігі жөнінде хабарлама түскен. Бұдан кейін ауыл әкімі оны іздеп, әуелі анасына, сосын әпкесіне байланысқа шыққан. Сол кезде «почти как аферист» деген сөзді айтып қалып, кейін сонысы үшін кешірім сұраған. 

Әдеп жөніндегі кеңес М.Ізтелеуовті ескерту түріндегі тәртіптік жазаға тартуды жөн деп тапты.
Осылайша, өңірде жыл басынан бері 18 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да балағат сөз айтқан ауыл әкімінің тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын жазған едік.

Сондай-ақ БҚО-да 42 лауазымды қызметкерге 3,3 млн теңге әкімшілік айыппұл салынды.

Соңғы жаңалықтар