БҚО-да бір аптада коронавирус жұқтырғандар шамамен 30 пайызға өсті

БҚО денсаулық сақтау басқармасы мәлім еткеніндей, соңғы тәулікте індет табылғандар саны 126-ға жетсе, 45 науқас жазылып шықты.
Жыл басынан бері ауырған 15641 адамның 54,8 пайызы (8585) Орал қаласы, 14,4 пайызы (2254) Бәйтерек, 11,3 пайызы (1777) Бөрлі ауданының үлесіне тиеді.
Облыс бойынша қазіргі кезде 1123 төсектік 18 инфекциялық стационар 44,4 пайызға толып, оларда 499 науқас емделуде. Әсіресе, Орал қаласында 600 төсектік 5 инфекциялық стационар 70 пайызға (420 науқас) толған. Сондай-ақ 72 төсектік жансақтау бөлімшелерінде 40 науқас (55,5 пайыз) емделуде.
Басқарма мәліметіне қарағанда, індет басталғаннан бері коронавирус жұқтырған 24862 адамның 20033-і жазылды. 385 науқас көз жұмды.
Өңірде коронавирусқа қарсы 95064 адам вакцинаның бірінші, 62977-сі екінші компонентімен егілді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да инфекциялық стационарда жатқандар саны 500-ден асқанын, маусымда 2200-ге жуық адамнан коронавирус анықталғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ БҚО-да екпе алғандар арасында лотереяға бас жүлдеге автокөлік тігілді.