13:11, 18 Қыркүйек 2010 | GMT +5
БҚО-да бір кәсіпорын басқа ұйыммен сыбайласа отырып ұнның бағасын белгілеп келген, пайда жарты миллиард теңгені құрады
АСТАНА. Қыркүйектің 18-і. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысының қаржы полициясы департаменті ҚР Қылмыстық кодексінің 196 бабы 1 тармағы (монополиялық іс-қимылдар мен бәсекелестікті шектеу) бойынша бір акционерлік қоғам жетекшілігіне қатысты қылмыстық іс қозғады.

Бұл туралы ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Осы АҚ-ның басшылығы басқа АҚ жетекшілігімен сыбайластық жасай отырып, 2009 жылы жоғары сұрыпты ұнның бағасын белгілеу мен сол бағаны ұстап тұру арқылы бәсекелестікті шектеуге бағытталған монополиялық саясат жүргізген», - делінген баспасөз қызметінің таратқан ақпаратында.
Осылайша ұйым жалпы көлемі 551 670 956 теңге болатын қосымша пайда тапқан.