БҚО-да бір күнде жол апатынан үш адам қаза тапты

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында бір күнде жол апатынан үш адам қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібековтің айтуынша, кеше алғашқы қар түсіп, қолайсыз ауа райы салдарынан жол-көлік оқиғалары көбейді.

Ақжайық ауданы Тайпақ ауылы маңында сағат 06.15 шамасында 30 жастағы жүргізуші «Ауди» автокөлігінің руліне ие бола алмай, аударылып қалды. Соның салдарынан осы көлікте болған 30 жастағы екі адам көз жұмды. Жарақат алған жүргізуші аудандық ауруханаға жатқызылды.

Қазіргі кезде ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлігіне сәйкес тергеу амалдары жүргізілуде.

Сол сияқты 11 қараша күні кешкісін Оралда сағат 21.15-те 57 жастағы жүргізуші айдаған «Лада Калина» автокөлігі «Кублей» ЖШС тұсындағы айналма жолда жүк көлігімен соқтығысты. Жеңіл көліктің жүргізушісі жедел жәрдем келгенше қайтыс болды.


Бұл оқиға бойынша ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс тергелуде.

Бір күннің ішінде қала аумағында 19 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 1 адам қайтып, екеуі жарақат алды.

Жыл басынан бері облыс аумағында 247 оқиға салдарынан 57 адам мерт болып, 298-і түрлі жарақат алды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда үш автокөлік соқтығысып, екі адамның зардап шеккенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар