БҚО-да бір мандаттық округтер бойынша 543 кандидат тіркелді

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында бір мандаттық округтер бойынша 543 кандидат тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақовтың мәлім еткеніндей, оған қоса партия тізімі бойынша 64 үміткер бәйгеге қосылды.

Оның айтуынша, бір мандаттық округтер бойынша өңірде 620 адам ұсынылған болатын. Соның ішінде Мәжіліске ұсынылған 14 адамның 11-і тіркелді. Мәслихаттарға ұсынылған 606 адамның 532-сі тіркеуден өтті.

Облыстық мәслихатқа 48 (15 округ бойынша), қалалыққа 81 (24 округ), аудандық мәслихаттарға 403 кандидат (134 округ) өтуге тырыспақ. Өзін-өзі ұсынған 40 үміткер сайлауға қатысудан бас тартып, құжаттарын кері алса, 34-і жарна төлемегендіктен, тіркеуден өткен жоқ.

Кандидаттардың 70 пайызы ер адамдар болса, қалғаны – әйелдер. Олардың ең жасы 22-де, ең үлкені 68 жаста.

«Қазіргі кезде үміткерлер сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. Оларға үгіт-насихат үшін тиісті көлемде қаржы бөлінген», деді Ғ.Қапақов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда Мәжіліс пен мәслихаттарға 673 кандидат ұсынылғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар