БҚО-да бірінші тоқсанда 780 оқушыдан коронавирус анықталды

БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, қазіргі кезде қала мен аудандардың бас мемлекеттік санитар дәрігерлерінің қаулысына сәйкес 6 мектепте 7 сынып карантинге жабылған.
Жыл басынан бері індет табылған 2899 баланың 2830-ы жазылып шықты. 69-ы емделу үстінде.
Күні бүгін облыс бойынша 581 науқас амбулаторлық ем алуда. Олардың 70,5 пайызының ауруы жеңіл өтуде. 6,7 пайызы орташа, 22,8 пайызы – симптомы жоқтар.
Сондай-ақ 871 төсектік 16 инфекциялық стационарда жатқан 179 науқастың 17-сі жансақтау бөлімшесінде. Бұлардың біреуі аса ауыр халде. Инвазивті емес жасанды тыныс алу аппаратына 8, оттегі концентраторына 9 науқас қосылған.
Пандемия басталғаннан бері 38 959, биыл 29 738 адамның коронавирус жұқтырғаны тіркелді.
Соңғы аптада алдыңғымен салыстырғанда, ауру жұқтыру 6,9 пайызға (21 науқасқа) төмендеді.
Облыс бойынша COVID-19 диагностикасы бойынша 13 зертхана жұмыс істейді. Соңғы тәулікте 57 зерттеу жүргізілді.
Басқарма мәліметіне қарағанда, биыл 648 адам коронавирустан көз жұмса, соның ішінде 28-і – қаңтар айында, 15-і – ақпанда, 30-ы – наурызда, 41-і – сәуірде, 57-сі – мамырда, 60-ы – маусымда, 144-і – шілдеде, 139-ы – тамызда, 90-ы – қыркүйекте, 44-і қазанда қайтты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 640-тан астам науқастың амбулаториялық ем алып жатқанын жазған болатынбыз.