БҚО-да биыл 204,4 мың шаршы метр тұрғын үй салу көзделіп отыр

Облыстық құрылыс басқармасының бастығы Нұрлан Мырзағалиевтің айтуынша, жыл сайын облыста кезекте тұрғандар үшін 23 мың шаршы метр және жас отбасыларға 17,7 мың шаршы метр жалгерлік үй салу жөнінде ҚР Құрылыс істері және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы агенттігіне ұсыныс берілді. Сондай-ақ инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды тартуға республикалық бюджеттен қосымша қаржы сұралды.
Тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыру бағытында 2012 жылы республикалық бюджеттен кезекте тұрғандар үшін жалгерлік тұрғын үй құрылысына 586 млн. теңге, «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» қатысушылары үшін несиелік үйге 2925 млн. теңге, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға 1675 млн. теңге бөлінді. Осы қаржыға 8,4 мың шаршы метр жалгерлік және 23 мың шаршы метр несиелік үй салу және 83 шақырым инженерлік желі тарту жоспарланып отыр. Соның ішінде Орал қаласында 4,1 мың шаршы метр 75 пәтерлік тұрғын үй, он екі аудан орталығының әрқайсысында 300-400 шаршы метрден барлығы 4,3 мың шаршы метр жалгерлік үй салынбақшы.