БҚО-да биыл «Ақбұлақ» бағдарламасына сәйкес 1982,5 млн. теңге бөлініп, 11 елді мекен ауыз сумен қамтылмақ
23917 адам тұратын 11 елді мекен ауыз сумен қамтылмақ.
Облыстық құрылыс басқармасы бастығының орынбасары Ғайса Тәжібаевтың айтуынша, су құбырының жалпы ұзындығы 276 шақырымға жетеді. Биыл салынып жатқан 16 сумен қамту нысанының қалған бесеуі алдағы жылы іске қосылады. Сондай-ақ 11 сумен қамту нысанының жобалау-сметалық құжаттамасы жасалуда. 2012 жылы 49120 тұрғыны бар (11183 аула) ауылдарда сметалық құны 3863,6 млн. теңге тұратын 16 сумен қамту нысанын пайдалануға беру көзделуде. 2013 жылы 46160 адам (9664 аула) тұратын 16 нысан (3518,2 млн. теңге) қайта жаңғыртылады немесе салынады. 2014 жылы 32943 тұрғыны (7546 аула) бар ауылдар үшін 20 сумен қамту нысанын (2621,9 млн. теңге) іске қосу жоспарлануда.
Қазіргі таңда бөлінген қаржының 1652,4 млн. теңгесі немесе 93 пайызы игерілді. Мемлекеттік сатып алулар нәтижесінде батысқазақстандық компаниялармен келісім-шарт жасалып, олар жұмыстарын атқаруда.
2007-2009 жылдары «Таза су» бағдарламасына сәйкес 55 елді мекен үшін 285 шақырым су құбыры тартылып, 68 мың адам ауыз сумен қамтылған болатын. 2009 жылдың аяғында ауыл халқын сумен қамту деңгейі 61 пайызды құрады.