БҚО-да биылғы бірінші жартыжылдықта 584,3 млрд. теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді

Оның айтуынша, соның ішінде тау-кен өнеркәсібінде 520,6 млрд. теңгенің өнімі өндірілді, бұл өткен жылғыдан 2,9 пайызға кем. Табиғи газ өндіру 2,4 пайызға өскенмен, газ конденсатын өндіру 1,5 пайызға, мұнай өндіру 17,3 пайызға төмендеді. Мұнай өндірудің азаюы «ҚПО б.в.» компаниясы базасында шикізат жеткізуге жасалған келісімшарттар көлемінің азаюына және 2015 жылдың сәуір айында «Жайық-мұнай» ЖШС қондырғыларына профилактикалық-техникалық жөндеу жүргізілуіне, газ конденсатын өндіру көлемінің азаюы «Газпром добыча Оренбург» ЖШҚ-мен тазартылмаған газ қабылдау көлемінің төмендеуіне байланысты болып отыр. Қажетті шикізаттың жетіспеуі салдарынан «Конденсат» АҚ-да өндірістің қысқаруына байланысты дизель отынын өндіру 48,8 пайызға азайды.
2015 жылы облыс әкімдігі, ұлттық компаниялар мен ірі тау-кен және өнеркәсіптік кәсіпорындар арасында жалпы сомасы 42 млрд. теңге құрайтын жергілікті үлесті дамыту жөніндегі ынтымақтастық туралы 20 меморандумға қол қойылды. Қол қойылған меморандумдар аясында жалпы сомасы 23,5 млрд. теңгеге 166 келісімшарт жасалды.
Бірінші жартыжылдықта орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 7,3 пайызға көбейіп, 27,3 млрд. теңгені құрады. 4 білім беру, 3 спорт, 1 мәдениет, 1 сумен қамту, 5 газбен жабдықтау нысаны салынды. Бұған қоса қазіргі таңда 5 білім беру, 1денсаулық сақтау, 3 ішкі істер органдары, 1 мәдениет, 1 сумен қамту, 3 газбен жабдықтау, 1 қоршаған ортаны қорғау, 7 жылумен жабдықтау және су бұру нысанының, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде 2 нысан мен тұрғын үйлерді салу (қайта құру), автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстары жалғасуда.
Енді биылғы жылдың екінші жартыжылдығында экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеп, бекіту көзделуде. Тау-кен өнеркәсібінде мұнай және газ конденсатын өндіру көлемін өткен жылғы деңгейде (сәйкесінше 280 мың тонна және 12,7 млн. тонна) қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы саласында егін жинауды және күзгі далалық жұмыстарды, жемшөп дайындауды уақытында жүргізу, «Еттің экспорттық әлеуетін дамыту» бағдарламасының жоспарлы көрсеткіштерінің орындалуын, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу өндірісін және көлемінің өсуін қамтамасыз ету, жоспарланған 240,0 мың шаршы метр тұрғын үйді іске қосу, 2015 жылға арналған облыс халқын жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің кешенді жоспарына сәйкес, халықтың мақсатты топтарынан 13 мыңнан аса адамды жұмысқа тарту міндеті тұр.
Отырыста сондай-ақ БҚО кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Руслан Сапарғалиев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Марат Оңғарбеков, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Самат Хангереев, облыстық қаржы басқармасының басшысы Айгүл Салахатдинова баяндама жасап, өз салалары бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев көптеген бағыттар бойынша оң нәтижелерге қол жеткізілгендігін атап көрсетті. Өңірдің даму қарқынын төмендетпес үшін 19 тармақтан тұратын шаралар жоспары жасақталды. «Ендігі міндет - солардың толық орындалуына жетісу. Бұл үшін әр басқарма басшысы өз іс-қимылдарын нақтылап, тиісті шаралар алуы қажет. Таяуда Елбасымыздың Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі жөніндегі хаттамаға қол қойғаны белгілі. Бұл - еліміз үшін аса маңызды тарихи оқиға. Ол жаңа мүмкіндіктерге жол ашумен бірге бізге жоғары талаптар қойып, үлкен жауапкершілік жүктейді. Бұрын Еуразиялық экономикалық одақ аясында болсақ, енді ДСҰ-дамыз. Бұл бәсекеге қабілеттіліктің жоғары деңгейде болуын талап етеді. Еліміз, соның ішінде Батыс Қазақстан инвестиция тарту үшін қолайлы өңір болып саналады. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласында мүмкіндік мол. Сондықтан мемлекет тарапынан осы мақсатқа бөлініп жатқан қаржыны тиімді пайдаланудың маңызы зор. Мысалы, ауылдарда ірі мал кооперативтерін құру, «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» мемлекеттік бағдарламаларының орындалуына баса назар аудару керек. Ең бастысы, жергілікті жерде түсінік жұмыстарын жүргізіп, ауыл кәсіпкерлеріне қажетті ақпаратты жеткізе білу қажет. Мұның бәрі тұрғындардың әл-ауқаты мен өмір сүру деңгейін арттырып, оларды барынша жұмыспен қамту мақсатында жасалып отыр. Алдағы жарты жылда барлық мекеме-ұйымдар өз міндеттерін талапқа сай атқарып, көздеген межеден көріне білуі тиіс», деді әкім.