БҚО-да боранда шаруа қожалығынан 50 ірі қара малы шығынға ұшырады

ОРАЛ. KAZINFORM — Жәнібек ауданы Ақоба ауылдық округіне қарасты «Жиенбет» қыстағында мал шығыны болды. 

жылқы
Фото: Ерлан Төлеутай/Facebook

«Ғалиев» шаруа қожалығының жетекшісі Ғарифолла Ғалиевтің мәліметіне сәйкес 14-15 желтоқсандағы қарлы боран кезінде 50 бас ірі қара малы Ащыөзек сайының сорына батып кетіп, өлген.

Оның сөзіне қарағанда, 11 бас ірі қара малын шығарып үлгеріп, союға жіберілген. Сонымен қатар 50 ірі қара мен 17 жылқысы іздестіріліп жатыр.

Ақоба ауылдық округінің әкімі Нұрлыбек Тұрымтайұлының айтуынша, 50 бас мал шығынына қатысты ветеринария мамандарымен акт жасалып, өлекселерді жинау жұмыстары ұйымдастырылып жатыр.

Жәнібек ауданы әкімдігінің мәліметі бойынша аталған қожалықта 4 адам жұмыспен қамтылған. Мал азығы жеткілікті дайындалған, электр жарығы күн сәулесі батареясы және генератор арқылы беріледі. Қазіргі уақытта қожалықта 162 бас ірі қара, 282 бас ұсақ мал және 17 жылқы тіркелген.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да бір үйір жылқының сорға батып өлгені рас па, соған байланысты әкімдік жауап бергенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар