БҚО-да бораннан кейін электр желілері қалпына келтірілді ме
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында 13-14 желтоқсандағы бораннан кейін 3 641 абонент электр жарығынсыз қалып отыр.
БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бейімбет Мусиннің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, облыстың 6 ауданында барлығы 16 мыңға жуық абонент жарықсыз қалған болатын.
Оның сөзіне қарағанда, Бөкей ордасы ауданында 18 (2 748 абонент), Казталовта 16 (5 050), Жәнібекте 12 елді мекен (3 648) электр жарығынсыз отырды.
Сондай-ақ Тасқалада 8 және Бәйтеректе 9 елді мекенде (екі аудан бойынша 5 041 абонент) электр желілері үзілді. Ақжайық ауданында Қабыршақты ауылы (15 абонент) осындай жағдайға тап болды.
- 15 желтоқсан күнгі сағат 12.30-дағы мәлімет бойынша Бәйтерек, Ақжайық және Тасқала аудандарында электрмен жабдықтау толық қалпына келтірілді. Ал Бөкей ордасы, Жәнібек және Казталов аудандарының 16 елді мекенінде осы жұмыс жалғасуда. Қазіргі кезде 3 641 абонент электр жарығынсыз қалып отыр. Апаттық-қалпына келтіру жұмыстары электр беру желілерінде үздіксіз жүргізілуде, - деді Б.Мусин.
Басқарма дерегіне сәйкес бұл жұмыстарға 24 бригада (119 адам) және 25 арнайы техника жұмылдырылды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 16 мыңнан астам абоненттің электр жарығынсыз қалғанын жазған едік.
Сондай-ақ БҚО-да су мұнарасы құлап, бір адам жоғалып кетті.
БҚО-да үш қабатты жатақхананың шатыры ұшты.
БҚО-да боранды күні адасып кеткен екі адам табылмай жатыр.