БҚО-да бүгін коронавирус жұқтырған 10 адамның бесеуі – Түркістан облысының тұрғындары

БҚО әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, сондай-ақ тағы төрт науқас – облыс тұрғындары. Олардың барлығы да Ресейден келген.
Саратов облысымен шектесетін «Тасқала» автоөткелінен өткеннен кейін денсаулықтарына шағымы болмағанмен, жедел жәрдеммен карантиндік стационарға жеткізілген.
Сонымен бірге коронавирус табылғандардың бірі – 29 жастағы медицина қызметкері. Ол бұрын коронавирус жұқтырған адаммен қарым-қатынаста болған.
Науқастардың барлығы облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды. Олармен байланыста болғандар медициналық бақылауға алынды.
Ауру ошақтарында дезинфекциялық жұмыс жүргізілді. Індетке қарсы күрес жалғасуда.
Осылайша БҚО-да ауырғандар саны 163-ке жетіп, соның 10-ы емделіп шықты. Коронавирус жұқтырғандардың басым көпшілігі – Ресейден келгендер, 29-ы – медицина қызметкері.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да коронавирус анықталған соңғы науқастың Ресейден оралған шымкенттік тұрғын екенін жазған болатынбыз.