БҚО-да дәрі-дәрмекті заңсыз сатқан тұрғын жауапқа тартылды

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес БҚО прокуратурасы құқық қорғау және мемлекеттік органдармен бірлесіп, дәрі-дәрмекпен алыпсатарлықты анықтау және кінәлілерді жауапқа тарту бағытында жұмыс жүргізуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

БҚО прокуратурасынан түскен мәліметке қарағанда, прокуратура, экономикалық тергеу департаменті, полиция департаменті қызметкерлерінен құралған жедел топ дәрі-дәрмекті жоғары бағамен сатудың 7 және рұқсат құжаттарынсыз өткізудің 3 дерегін анықтады.

Атап айтқанда, 8 шілде күні экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері жедел іс-шаралар барысында «Арбидол» препаратының 1 орамын 5 мың теңгеден сатылғанын анықтады. Денсаулық сақтау министрлігінің 2019 жылғы 15 шілдедегі бұйрығымен аталған препаратқа 2312 теңге мөлшерінде шекті баға белгіленген болатын.

Осылайша жосықсыз кәсіпкер Орал қаласы аумағында дәрі-дәрмекті 100 пайыз артық бағамен сатқан.

Дәріхана иесіне қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзу кодексі 426-бабы 1-бөлігіне сәйкес материал толтырылып, әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін БҚО тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне берілді.

Сондай-ақ У. деген азамат Цеф-3 антибиотиктерін рұқсат құжатсыз қайта сатып, заңсыз фармацевтикалық қызметпен айналысқан. Бұл азамат ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 424-бабы 1-бөлігіне (заңсыз фармацевтикалық қызмет) сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да демалыс күндері базарлар қызметі тоқтатылып, автобустар жүрмейтінін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар