БҚО-да дәрігерлер тікұшақ апатынан зардап шеккен екі адамның жағдайы туралы айтты

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында дәрігерлер тікұшақ апатынан зардап шеккен екі адамның жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орал қалалық көпбейінді аурухананың қабылдау бөлімінің меңгерушісі Еркін Ақбаллиннің айтуынша, тікұшақ апатынан кейін екі адам жедел жәрдем көлігімен кеше сағат 19.45-те жеткізілген.

«Ауруханаға келіп түскеннен кейін нейрохирург, хирург, реаниматолог, травматологтардың қатысуымен медициналық көмек көрсетілді. Басы, кеудесі рентгенге түсіріліп, іш құрылысына ультрадыбыстық зерттеу жасалды. Яғни барлық тексерулерден өткізілді. Екеуінің де түскенде санасы анық, жалпы жағдайы орташа болды, барлық сұрақтарға жауап берді. Олар нейрохирургия бөліміне жатқызылды. Екеуі де жабық бас-ми жарақатын алып, милары шайқалған. Біреуінің астыңғы, үстіңгі еріндері көгерген. Ешқандай отаның қажеті жоқ. Қазір ем алып жатыр, бес-алты күндей дәрігерлердің бақылауында болады», деді Е.Ақбаллин.

Зардап шеккендердің бірі, «Қазавиақұтқару» жетекші инженері Сергей Щегловтың сөзіне қарағанда, қазір жағдайлары жақсы. Тәжірибелі маман осы салада 1981 жылдан бері еңбек етеді екен.

«Бұрын біз адамдарды құтқарсақ, бұл жолы біздің басымызға сондай күн туды. Құтқарушыларға, дәрігерлерге, бәріне алғыс айтамын. Мен тікұшақтың артында отырдым. Үш сағаттай ұшты, бәрі жақсы болды. Тікұшақтың шығарылғанына да көп болмаған, бар болғаны 250 сағат ұшқан. Не болғанын білмей қалдық», деді С.Щеглов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да тікұшақ апатынан зардап шеккен екі адамның ауруханаға жатқызылғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар
telegram