БҚО-да «Дәрмек» іс-шарасы барысында 13 медицина қызметкері жауапқа тартылды

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында «Дәрмек» жедел алдын алу іс-шарасы барысында 13 медицина қызметкері жауапқа тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі БҚО полиция департаментінен түскен мәліметке сілтеме жасап.
None
Фото: БҚО полиция департаменті

Бес күн ішінде БҚО ПД есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері 6 есірткі қылмысының жолын кесті.

Соның ішінде аса ірі көлемде есірткі заттарын заңсыз сақтаудың 3, құрамында есірткі бар өсімдіктерді заңсыз өсірудің 2 және өсімдіктер мен есірткінің синтетикалық түрлерін өткізудің 1 дерегі анықталды.

«Сонымен қатар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген есірткі құралдарымен, психотроптық заттармен және прекурсорлармен жұмыс істеу ережелерін бұзу деректері анықталған медициналық мекемелер мен өнеркәсіп кәсіпорындары тексерілді. Нәтижесінде 13 медицина қызметкері және өнеркәсіптік кәсіпорындардың 2 қызметкері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оған қоса 26 шілде күні БҚО ПД есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Орал қаласы аумағында жүргізген іс-шара барысында 40 жастағы шаһар тұрғынын анықтап, ұстады. Оның тұрғылықты жері бойынша тексеру барысында 22 дана сұр-жасыл түсті, ерекше иісі бар зат салынған сіріңке қораптары табылып, тәркіленді. Сондай-ақ іс-шара кезінде 36 жасар қала тұрғынының үсті-басын тексеру кезінде арнайы спецификалық иісі бар сұр-жасыл түсті заты бар орама қағаз, үйді тінту кезінде 41 дана 12 калибрлі патрондар тәркіленді. Тәркіленген заттар сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Ұсталғандарға қатысты ҚР ҚК-нің 296-бабының 4-бөлігіне (аса ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», деп хабарлады ведомстводан.


Соңғы жаңалықтар