БҚО-да денсаулық сақтау саласына 19,4 млрд. теңге жұмсалмақ

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың сөзіне қарағанда, мақсатты трансферттер 2012 жылмен салыстырғанда 1,7 есеге артпақ.
Жалпы, денсаулық сақтау ұйымдарын қаржыландыру жылдан-жылға өсіп келеді. 2011 жылы оның бюджеті 14 млрд. теңгені құраса, 2012 жылы 16,5 млрд. теңгеге дейін жетті. Республикалық бюджеттен бөлінген мақсатты трансферттердің өсімі 42 пайызды құрады.
Өткен жылы Зашаған кентінде, Жаңақала ауылында және Ақсай қаласында 3 емхана, Орал қаласында бір аурухана пайдалануға берілсе, мұндай құрылыс биыл да жалғасуда. Атап айтқанда, тағы 3 емхананы іске қосу және Оралда қалалық аурухана құрылысын жалғастыру жоспарлануда. Аталған аурухана Орал қаласының жаңа шағынаудандарының тұрғындарын жоғары білікті мамандандырылған медициналық көмекпен қамтамасыз ететін болады.
Өткен жылы сондай-ақ үш дәрігерлік амбулатория күрделі жөнделді және шетел инвесторларының қаржысына Бөкей ордасы ауданының Бисен ауылында дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталды.
Облыста жоғары мамандандырылған медициналық көмек деңгейі 2011 жылмен салыстырғанда 2 есеге, 2010 жылғыдан 9 есеге өсті.