БҚО-да дін туралы заңды түсіндіру жұмыстары жоспарлы жүргізілетін болады
Оның айтуынша, соған сәйкес мүдделі мемлекеттік органдар, ғалымдар, дәстүрлі діндердің жетекшілері, ұлттық-мәдени, қоғамдық бірлестіктердің өкілдерінің қатысуымен ақпараттық-ағарту және дәрістік (лекторлық) топтар құрылмақшы. Құрылғаннан кейін аталған топтар қалың бұқара арасында, әсіресе, жастарға бағытталған жұмыстарын жүйелі жүргізбек.
Облыстық дін істері департаменті директорының міндетін уақытша атқарушы Ғилымбек Мәжиевтің пайымдауынша, Тараз қаласындағы оқиғаның өңірде қайталанбасына ешкім де кепілдік бере алмайды. Өйткені еліміздің батысындағы төрт өңірдегі діни ахуал мейлінше күрделі. Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарындағы жағдай лаңкестік әрекетпен онан әрі өрши түсті. Оның үстіне аталған өңірлердің Ресеймен шектесуі жағдайды тіпті ушықтыруы мүмкін. Себебі ресейліктер де көп жылдан бері лаңкестік ылаңымен күресіп келеді. Демек, осы қатердің алдын алу үшін беделді адамдарды насихат жұмысына кеңінен тартып, іске кірісу қажет. Лаңкестікке қарсы күрестен ешкім де шет қалмауы керек.
Бұдан кейін аталмыш заңның жаңа нұсқасына толыққанды түсінік берілді. Қазір елімізде - 11, ал өңірімізде бес теріс діни ағым бар. Заң негізінде олардың жұмысына тосқауыл қойылады. Ел халқының 72 пайызы исламның имам Әбу Ханифа мазхабына бас иген мұсылман болса, 25 пайызы - христиандықтың православие тармағын ұстанған мүміндер. Республика аумағында тіркелген 4 мыңнан астам діни бірлестіктің жартысынан астамы, дәстүрлі исламды ту еткен рухани ұйымдар. Заңның жаңа нұсқасында мынадай реттеу шаралары белгіленген: қоғамдық орындарда діни сипаттағы шаралар өткізуге болмайды, қайырымдылық шараларына діни мақсат пен маңыз беруге рұқсат етілмейді, дінге сенушілердің қаржысы мен дүниесін діни бірлестіктердің пайдаланып кетуіне тосқауыл қойылған. Сондай-ақ діни бірлестіктердің отбасының шырқын бұзуы, әр адамның кәсіптік білім алуына кедергі келтіруі, ар-ожданын таптауы, ақыл-ойы мен денсаулығына нұқсан келтіруі, қандай ма болсын дінге сенуге мәжбүрлеу әрекеттері заң бойынша қудаланады. Барлық діни бірлестіктер қайта тіркеуден өтіп, мемлекетке сырттан әкелінетін діни әдебиеттер дінтанушы мамандардың қатаң сараптамасынан өтуі тиіс. Діни өкілеттілігі жоқ жеке тұлғалардың діни қызметпен айналысуына тыйым салынады.
Облыстық ішкі саясат басқармасының үкіметтік емес ұйымдар және діни бірлестіктермен жұмыс бөлімінің бастығы Жамал Ихсанова өңірдегі христиандықтың протестанттық бағытындағы «Жаңа өмір», «Благодать», «Жетінші күннің адвентистері» сықылды секталардың белсенді әрекеті туралы айта келіп, солардың шырмауында жүргендердің 70-80 пайызының қазақтар екендігіне қынжылысын жасырған жоқ. Алқалы жиын барысында облыстық мемлекеттік, банк және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Төлеген Мерғалиев, ақын Ақұштап Бақтыгереева, М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың проректоры Әсет Тасмағамбетов және басқалар ой-пікірлерін айтып, ұсыныстарын ортаға салды.