БҚО-да дроппер 4,8 млн теңгенің қолды болуына жәрдемдескен
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданының прокуратурасы WhatsApp ақпараттық жүйесін қолданушылардан қаражат ұрлауға қатысы бар бір топ алаяқты сотқа берді.

БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, соның ішінде дроппер алаяқтық схемаларға белсене қатысқан. Оның банктік шоты арқылы 4,8 млн астам теңге аударылып, қолды болған.
- Жәбірленушілер арасында Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Жетісу облыстары, сондай-ақ Алматы қаласының тұрғындары да бар. Қазіргі уақытта Қаратөбе ауданы прокуратурасы айыпталушыларды Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі 190-бабының 2 және 3-бөлімі бойынша сотқа берді. Прокуратура алаяқтық бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айырумен және мүлкін тәркілеумен жазаланатынын еске салады, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да субсидия беру кезінде 12 млн-ға жуық теңге орынсыз пайдаланылғанын жазған болатынбыз.