19:30, 14 Қараша 2011 | GMT +5
БҚО-да Дүниежүзілік қант диабетімен күрес күні атап өтілді
ОРАЛ. 14 қараша. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - БҚО-дағы «Диабет» қоғамдық бірлестігінің мүшелері 14 қараша - Дүниежүзілік қант диабетімен күрес күнін оқыту семинарларымен, кеңес беру, кездесулермен атап өтті.
Шараларда аталып өтілгеніндей, жыл сайын әлем халқының 6 пайызға дейіні аталмыш дертке шалдығады.
Атаулы күн қарсаңында қоғам белсенділері Зеленов ауданы Дария ауылында болып, тұрғындармен кездесті. Онда дәрігер-диетолог Айгүл Таңқиманова ақыл-кеңесімен бөлісті. Кездесу барысында тақырыптық слайдтар, журналдар мен кітапшалар таратылды.
«Диабет» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Тамара Истоминаның айтуынша, 9 қарашада Оралда диабетке шалдыққан балалардың басы қосылды. Қалада мұндай балалар саны - 18. Олар ойынға қатысып, өздеріне қажетті мағлұматтар алды.
Шаралар аталмыш қоғамдық бірлестік мүшелері үшін бүгін «Карат» кафесінде қайырымдылық түстігін берумен аяқталды.