БҚО-да егіншілікті әртараптандыру бағытында не істеліп жатыр

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында бидай көлемін оңтайландырып, майлы, мал азықтық және дәнді бұршақты дақылдарды көбейтуге бағыт ұсталып отыр. 

астық жинау
Фото: Видеодан кадр

БҚО әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетовтің мәлім еткеніндей, агроқұрылымдардың осындай тәсілге көшуі нәтижесінде биылдың өзінде бұршақты дақылдар 1,9 есеге немесе 22,5 мың гектарға, соның ішінде ноқат — 2,4 есе (11,2 мың га), жасымық 1,6 есеге (11,3 мың га), ал майлы дақылдар 33,4 пайызға артты.

Оның айтуынша, майлы дақылдар 137 мың гектарға егіліп, одан 104 мың тонна өнім жиналды. 208,8 мың гектарға себілген мал азықтық дақылдардан 125,3 мың тонна өнім түсті. 

— Егіс алаңдарын әртараптандыру, соның ішінде бидай және арпа алқаптарын қысқарту көзделіп отыр. Соның нәтижесінде 2028 жылы майлы дақылдар 143,5 мың, мал азықтық дақылдар алқабы 246 мың, картоп 2,5 мың гектарға ұлғайтылмақ. Ауыл шаруашылығы дақылдарының элиталық тұқымдарының үлесі 10,4 пайызға дейін жетеді. Мұның маңыздылығын егін шаруашылығымен айналысатын шаруалар түсініп отыр, — деді Қ.Айтмұхамбетов. 

Оның айтуынша, өңірде маусымаралық кезеңде өнім сақтау мақсатында сыйымдылығы 64,9 мың тонна 30 заманауи қойма жұмыс істейді. Бұл көлем қажеттілікті 100 пайызға жабады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 365 мың тонна астық жиналғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар