БҚО-да егіс алқаптарының суға кетуіне байланысты арнайы комиссиялар шығынды есептемек

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында су тасқынына қарамастан көктемгі далалық жұмыстар жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. 

далалық жұмыстар
Фото: Батыс Қазақстан облысының әкімдігі

БҚО әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетовтің айтуынша, өңірдегі ең астықты аудан – Бәйтеректе жылдағыдай жұмыстар атқарылуда. 

далалық жұмыстар
Фото: Батыс Қазақстан облысының әкімдігі

«Егіс жұмыстарының барысын көріп, диқандармен бетпе-бет кездесіп, пікірлесу үшін Бәйтерек ауданында жұмыс сапарымен болдым. Бірқатар шаруамен, атап айтқанда, «Гепард» ЖШС, «Шунайбеков» ШҚ, «Алтын Болашақ» ШҚ, «Мар-Эль» ШҚ, «Асан Ауыл» ЖШС басшыларымен, ұжымымен жүздесіп, көктемгі егіс жұмыстарын тиімді жүргізуге байланысты әңгімелестік», - деді Қалияр Шадиярұлы. 

Әр шаруаға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау түрлері, яғни суармалы егіншілікті дамыту үшін оған қажетті жабдықтардың құнынан 80 пайызға дейін көтеріп, жергілікті бюджет есебінен субсидиялау жүргізілетіні айтылды. Отандық зауыттардан сатып алынған тыңайтқыштар құнының 60 пайызы қазынадан өтелетіні, сатып алынған элиталық және бірінші репродукциялы тұқымдар үшін субсидиялау үлесі ұлғаятыны да сөз болды. 

Биылдан бастап отандық тыңайтқыштарға төленетін субсидия көлемі ұлғайып, шаруаларға тыңайтқыш бағасының 40 пайызын бөліп төлеу мүмкіндігі берілді. Сонымен қатар диқандар да өздерінің ойында жүрген сауалдарына нақты жауап алды. Осылайша, егіс жұмыстарының жоспарға сәйкес өтіп жатқаны тағы да бір пысықталды.

егін
Фото: Батыс Қазақстан облысының әкімдігі

«Биыл өсімдік шаруашылығын субсидиялау бағдарламалары мен қызметтер көрсетуге жергілікті бюджеттен 2 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді: субсидиялауға 1,4 млрд теңге, бұл – былтырғыдан 27%-ға артық. Субсидияға өтінімдер қабылданып, төлем жүргізіліп жатыр. Демеу қаржыларынан бөлек, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы «Кең дала» бағдарламасы бойынша көктемгі далалық жұмыстарды қаржыландыруға жыл басынан бері 2,4 млрд теңге бөлініп, толық игерілді», - дейді облыс әкімінің орынбасары.

Жалпы республика бойынша шаруалардың егіс жұмыстарын оңтайлы мерзімде жоспарланған межеде өткізуін қамтамасыз ету үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы қосымша қаржы көзі тартылып, БҚО-ға тағы 7 млрд теңге бөлінді. Несие шаруаларға 5%-бен, кепілдік мәселесін жеңілдету арқылы, яғни «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ 85% кепіл болуымен егін егу және егін ору жұмыстарын жүргізу үшін беріледі.

Бүгінгі таңда облыс диқандары 119 мың гектарға жуық (62%) алқапқа дәнді дақыл, 41 мың гектардан астамға (36%) майлы дақыл және 13,5 мың гектардай жерге (31%) мал азықтық дақылдар екті. Мұның сыртында 745 га алқапқа картоп, 418 га көкөніс, 281 га бақша (15%) отырғызылды. 

егіс алқабы
Фото: Батыс Қазақстан облысының әкімдігі

Былтыр күзде 2024 жылдың өніміне 97,1 мың га күздік дәнді дақылдар егілді, соның ішінде күздік бидай – 90,1 мың га, қара бидай – 6,6 мың га және тритикале – 460 га.

Аудан әкімдіктерінің мәліметінше, сақталған егістің жағдайы мынадай: 31,2 мың гектары (32,2%) жақсы, 60,1 мың га (62%) қанағаттанарлық, 0,8 мың га (0,8%) нашар деп бағаланды. Есептен шығарылған күздіктер көлемі – 5 мың га (5%). 

«Аудан және қала әкімдіктері ұсынған жедел ақпараттарға сәйкес, су тасқынынан күздіктер егісі, жылыжай мен шаруашылық жанындағы қоймадағы тыңайтқыштар бүлінген. 4 957 га күздік дәнді дақылдар су астында қалды. Ауыл шаруашылығы министрінің 2024 жылғы 17 мамырдағы №167 бұйрығына сәйкес, «Ауыл шаруашылығы саласында табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар нәтижесінде жеке және заңды тұлғаларға келтірілген залалды өтеу қағидаларын бекіту туралы» ереже қабылданды. Өсімдік шаруашылығы бойынша су басудан келген шығындарға өтемақы төлеу үшін аудандар мен қалада арнайы комиссиялар құрылуда», - деді Қ. Айтмұхамбетов. 

Еске сала кетейік, БҚО-да су тасқынынан егіс даласы да зиян шеккенін жазған едік.