БҚО-да екі бала метапневмовируске шалдықты
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында екі адамның метапневмовируспен сырқаттанғаны тіркелді.

БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, олардың екеуі де — 14 жасқа дейінгі балалар.
Метапневмовирус — көптеген елдерде, соның ішінде Қазақстанда ЖРВИ және тұмау ауруларының маусымдық өршу кезеңінде белсенді айналымда болатын вирустардың бірі. Ол инфекциялардың басқа түрлерімен қатар негізінен ауа-тамшы жолымен таралады.
— Департамент облыс халқын алдын алу шараларын сақтауға және адамдар көп жиналатын жерлерге баруды шектеуге шақырады. Бұл, әсіресе, созылмалы аурулары бар тұрғындарға қатысты. Үй-жайларды үнемі желдетіп отыру, науқас адамдармен байланысты шектеу, оларды оқшаулауды қамтамасыз ету маңызды. Тұмау және ЖРВИ белгілері пайда болған кезде балаларды үйде ұстап, мектепке дейінгі ұйымдар мен мектептерге жібермеу керек. Егер аурудың белгілері пайда болса, медициналық көмекке дер кезінде жүгінген абзал, — деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда шошқа тұмауына шалдыққан балалар саны 16 пайызға көбейіп кеткенін жазған болатынбыз.