БҚО-да екі ғасырға жуық тарихы бар ауылда жаңа әкім сайланды
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысының үш ауданында жаңадан ауыл әкімдерін сайлау өткізілді.

БҚО аумақтық сайлау комиссиясынан мәлім еткеніндей, Бөкей ордасы ауданы Орда ауылдық округі әкімі болу үшін үш кандидат сайлауға түсті.
Сайлау қорытындысында дауыс берушілердің 83,27 пайызы Ғайса Махимовты қолдады.

Осыған дейін Хан ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығының директоры қызметін атқарған Ғайса Темірболатұлы енді тарихи ауылға жетекшілік ететін болады.

Алдағы жылы Жәңгір хан іргесін қалаған Орда ауылына 200 жыл толады.
Сондай-ақ Бөрлі ауданында Нұрлан Ғазиев қайтадан Кеңтүбек ауылдық округінің әкімі болып сайланды. Ал Азат Қожаниязов Достық ауылдық округінің тізгінін ұстады.
Жәнібек ауданында Ақоба ауылдық округінің тұрғындары Нұрлыбек Жакинге қайтадан сенім артты.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласында Зачаган кентінде әкім сайланғанын жазған едік.